ІЛУЛІ

lat: İLÝLİ

сын. Ілініп қойылған, ілінген.

Айдаһардың тіліндей,

Сілтесең кеткен білінбей,

Тасқа салсаң қайтпайтын

Балдағы алтын ай болат,

Керегеде ілулі

Күні біткен ерлердің

Нешеуінен қалған жоқ? (Базар жырау, Шығ.).

Жазылған соң әлденіп есім жиып,

Қайтіп жатқан сорлы өнер ішке сыйып,

Алты жылдай ілулі домбырамды,

Қолыма алдым баламдай бетін сүйіп (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Қарны ашып, мысық байғүс үйге кірді,

Қарады тіміскілеп әрбір жерді.

Жерден іздеп дәнеңе таба алмады,

Ілулі шаңырақта етті көрді (М.Жұмабаев, Шығ.).

Оның үстінде қызылды-жасылды әйел киімдері ілулі (М.Дулатов, Шығ.).

Базарда ат та тұрса, атан тұрса,

Қымбат зат алтын-күміс қатар тұрса,

Алар ем домбыраны елден бұрын,

Ілулі жанат бұлғын шапан тұрса (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).