ІНЖІЛ

lat: İNJİL

(Араб. инджил) барлық жаңа өсиеттің тұтас атауы ретіндегі Евангелие. Құран дерегі бойынша Иса пайғамбарға жолданған қасиетті кітап. Iнжіл Құдайдың қасиетті кітаптары Таурат пен Құранның қатарында аталады. Құранда Алланың дін үшін шейіт болғандарды жұмаққа жіберетіні туралы уәдесін дәлелдеу үшін Інжілге сілтеме жасалады. Құрандағы жазу бойынша Інжілде Мұхаммедтің пайда болатыны жайында алдын ала айтылған, бірақ Інжілдегі бұл тексті христиандар бұрмалап жіберген. Құранда, сондай-ақ канондық және апокрифтік өсиеттерден бастау алатын пікірлер, сарындар мен кейіпкерлер бар, нақтырақ айтқанда, Мәриямның, Исаның, Жақияның (араб. Йахиа) дүниеге келулері туралы, Исаның ғажайып істері жайындағы т. б. әңгімелер. Олардың бәрі исламға дейінгі Арабияда көпшілігі ауызша таралған христиандық аңыздардың қайта жаңғырған түрі болып табылады. 8-9 ғасырларда Інжілдің грек, сирия тілдерінен аударылған арабша нұсқалары кең таралды. Құрандағы пайғамбарлар туралы сөздер мен аңыздардың кейінгі түсініктемелері егжей-тегжейіне дейін жақсы белгілі болған, олар інжілдік әңгімелер негізінде құрастырылды.