ІРІ

lat: İRİ

ет. 1. Ашып бұзылып кету.

Астың таза болуын сөз қылып, жұмыртқаны қалай тез пісіруді (буға ұстаса), іріген сүтті қайтаруды (тұз салып), сасыған майдың иісін қалай кетіруді (суға қайнатып), лампы күңгірт жанса, керосинге тұз салуды тәжірибеде қылуын тапсырамын (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Сіздің сүтіңіз іріп кетіпті, аға. Көк өңез су болған соң апай төгіп тастады, деді (М.Сүндетов, Ескексіз.).

2. Тозу, жыртылу, шіру.

Қоймасында қашқан байдың

Іріп кеткен кілемдей боп

Бүгін қатты сасқандаймын,

Қағазымды түгендей кеп (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

3. ауыс. Бұзылу, өзгеру.

Осындайды байқамай-ақ, бағайын

Дейсің... бірақ,

Істер қанша анайы!

Бөлгендердің

Бауыр, бауыр емес деп,

Бауырлары іріп кетсін,

Ағайын! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.).

4. ауыс. Қобалжу, құлазу, бұзылу.

Елегізіп, еске түсіп қай-қайдағы.

Көңілдің іріп кетті бал қаймағы,

Кегі кеткен жандайын әлдекімге,

Іш өртеніп, қайнайды қан бойдағы (М.Мақатаев, Шығ.).