ІШЕК

lat: İSHEK

зат. 1. Адам, мал, жан-жануарлардың қарынмен жалғасып жатқан, ас қорытатын мүшелерінің бірі.

Айтылып сойылған малдан ішек қалдыруға болмайды, бәрі де адам ішіне кету керек (I.Жансүгіров, Шығ.).

Ең жиі ауыратын мүше өкпе, қалғаны бүйрек, тері, ішек, нерв жүйелері (М.Сисекенов, Өкпе ауру.).

Медицинада құрғақ және қуырылған бадам тұқымы ішекті тазартып, еттерін бекемдеу үшін қолданады (К.Шалекенова, Жеміс.).

2. биол. <Іпtеstіпит> Ас құрамындағы күрделі органикалық заттардың (белоктар, майлар, көмірсулар, нуклеин қышқылдары және т.б.) қорытылу және сіңірілу процестері жүретін түтікше ас қорыту мүшесі.

Iшек аш және жуан ішектер бөлімдеріне бөлінеді (Қаз. тілі термин. Биология).

Ішектің қабырғасы үш қабықтан тұрады. Олар: ішкі кілегейлі, ортаңғы етті және сыртқы сірлі қабықтар (Қаз. тілі термин. Биология).

Жуан ішекте ішек бүрлері болмайды. Онда қорытылған заттар мен керекті еріген тұздар және су сорылып қорытылмаған ас қалдықтарынан нәжіс түзіліп, сыртқа шығарылады (Қаз. тілі термин. Биология).

3. Музыкалық аспапқа арнайы жасалған, дыбыс, үн шығару мақсатымен оған тағылатын жіңішке жіп-сым (қыл); Малдың ішек-сіңірінен жасалған домбыраның тартып ойнайтын шегі.

Домбырам менің екі ішек,

Күңіренеді еңіреп.

Мен де бірге күңіренем,

Көзіме ыстық жасым кеп (М.Жұмабаев, Шығ.).

Қос ішекпен домбыраға күй келер,

Қандай әсем пар ат жеккен күймелер.

Омырауынан бүршік жарып қос алма ақ,

Музыкалы қыз өмірі басталмақ (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).

Қараңғы менің көңілім, бұлбұл ақын,

Алтынды домбыраңмең келші жақын.

Ішек бойлай он саусағым жорғаласа,

Бейістің үні шығар қоңыр салқын (М.Дулатов, Шығ.).