lat: İSKER
сын. 1. Қолынан іс келетін, шебер, істің көзін білетін; пысық.
Мысалы, бір нәрсеге қанша іскер болып отырсаң да, отыруың қолайсыз болса, іскерлік бітіп қалады (М.Жұмабаев, Шығ.).
Ардақты жанның жайшылықта жайсаң әзілімен қалжыңын қатар қойып, жүзі нұрланып жүргенмен жұмысқа келгенде іскер еді (“Егемен Қазақстан”).
Көзін көрдім қорқаудың да,
Қорқынышты түс көрдім.
Кей күндері жалқаумын да,
Кей күндері іскермін (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.).
2. экон. Ұйымдастыру мәдениетінің елеулі нышаны, қызметтің белгілі бір жеке іс бабындағы аса маңызды белгісі, ұтымды ұйымдасқан, істің мүддесіне айқын бағдарланған белсенділік; қызметкердің мінез-құлқының белгісі, жеке басының қасиеті, қабілет-қарымы, еңбексүйгіштігі, өзінің кәсіптік міндеттеріне іскерлікпен қарауы, еңбек қызметін тиімді пайдалана білуі, қол астындағы қызметкерлердің қызметін ұйымдастыра білуі, іске жұмылдыра білуі.
Горбачев Астанаға келмес бұрын Алматыда болып, бірқатар қоғамдық ұйымдар мен іскер топтар өкілдерімен кездесулер өткізген болатын (“Егемен Қазақстан”).
Білім мәселесін жай іскер адам шешпейді, білімді білетін іскер адам шешеді (“Жас Алаш”).