lat: İZGİ
сын. 1. Адал, ақ, игі.
Жиналған өңшең бәрі Бурабайға,
Алаштың көбесіндей ізгі жайға.
Батырлар бұғаудағы арыстандай,
Абылай тұңғиық бір терең ойда (М.Жұмабаев, Шығ.).
2. Парасатты, иманды, ақ тілекті.
Ізгі қарт «А» деп аузын қозғағанда,
Төменде судың шуы болды басым.
Қарт сонда күңіреніп «Аманбысың,
Кенежан, елдің ері жолбарысым (М.Жұмабаев, Шығ.).
Жолаушылардың бәрі де ишараны қайталаған. Ошыржап уанның ауылына бет түзеп келе жатқан Қамбар төренің көршілік ізгі ізетшілері боламыз (К.Сегізбаев).
Құлазыған сенің құла түздерің,
Не білмеген, не көрмеген ізгі елім.
Жазылмаған тарихымның жолдарын,
Ауызекі аңызыңнан іздедім (М.Мақатаев, Шығ.).
Жаның да таза екен ғой ақша қардан,
Арлының адамдығы жоғала ма?
Жердегі барлық ізгі жақсы адамдар
Сен болып елестейді маған, аға! (М.Шаханов, Ғасыр.).
Қыбырлаған қоңыздар,
Қорсылдаған доңыздар,
Тілегің болды – қуан, күл.
Бостандық – ізгі періште
Кетпекке ұшып ғарышқа
Ақ қанатын қомдап тұр (М.Жұмабаев, Шығ.).
// Игі жақсылар.
Достарым! Осындай бір іс етелік,
Жастарды жетім қалған кісі етелік!
Ізгілер орманда да бар екенін
Осындай сауап істеп көрсетелік! (А.Байтұрсынов, Шығ.).
// Мұсылмандық, имандық.
Һақ Расул мұсылманның ізгі басы,
Тахуа ғұламалар оның ізгі досы.
«Ләқаді жәә әкум рәсул мен әнфісикім» аятымен (Кердері Әбубәкір, Қазағым).
3. Қуанышты, жақсылықты.
Көктем – ол қуаныштың ізгі лебі,
Қызғалдақ қыздарға арнап үзіледі.
Аспанда жақсылықтың атын жазып,
Тырналар қатар-қатар тізіледі (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).