АУЛАҚ

lat: AÝLAQ

с ы н. 1. Алыс, жырақ, қашық.

Кірешілер түнеген жерден он шақырымдай озып барып жолдан аулақ жатқан қамысты өзеннің жағасына барып түнеген еді (Ә.Әбішев, Замана.).

Егер жақсы ат болса, ол әлдеқашан аулаққа кетіп қалмас па еді (Ә.Нұршайықов,Тың астығы.).

Соғыстан бұрын көк тоғайлардан үйлерін аулақ салып, өзен маңына қоныстанғандардың көпшілігі қазақтар болатын (Б.Тілегенов, Көктем.).

2. э м о ц. Алыс жүр, кет әрі, жақындама, жолама!

Ойбай, аулақ! Бөлелі жерге жолай көрмеңдер, деп, Сейдалымның шешесі шошып кетті («Қаз. әдеб.»).

Аулақ,аулақ,

Аулақ менің жанымнан!

Қара уайым, қара шәлі жамылған.

Жазбын әлі гүлім жаңа жарылған,

Бұлбұлымды ұшырғам жоқ бағымнан (М.Мақатаев, Шығ.).

Енді сенімен салғыласар жайым жоқ, шық үйден, бөлекетіңнен аулақ, көзіме көрінбе,- деді (Б.Тілегенов, Аққайнар).

3. а у ы с. Оңаша, дербес, жеке, көзден таса, қалтарыс.

Жартаста ана жалғыз отыр аулақ,

Ақ теңіз аяғында жатыр аунап.

Итбалық сүйретіле судан шығып,

Бұралқы ит тімтініп жүр жемтік аулап (Б.Адамбаев, Ақбөбек).

Ескендір мұны көріп аз тұрады,

Хакімді аулақ жерге шақырады.

таңғаларлық іс болды мұның өзі,

Мәнісін айтып берші, деп сұрады (Абай, Тол. жин.).

Біреулер мұны бұлқынғанына қарамай аулаққа көтеріп әкетті (Қ.Жұмаділов, Көкейкесті).

4. а у ы с. Тысқары, жақындығы жоқ, мүлдем басқа.

Зәр ұсынған кісіге нан ұсынған,

Алысудан аулақпын, шабысудан.

Ей, қазақтың баласы, есіңде ұста,

Өлсем өлем, сірә, мен намысымнан (М.Мақатаев, Шығ.).

Дауанжалдан аулақ, іші қандай таза болса, сырты сондай таза-кербез киінетін, денелі, әлі еңкеймеген келбетті қарт (Ғ.Мұстафин, Көз көрген).

Кеңістік пен уақытты материядан бөлектеу, оларды материядан аулақ өмір сүреді деу бұл идеализм тұрғысына көшу болып табылады (К.Жарықбаев, Психология).

Кешірім етіңіз, мен сізді көзіңізше мақтап жағынудан аулақпын (С.Бегалин, Уақыт.).