АУҚЫМ І

lat: AÝQYM1

з а т. 1. Ыңғай, ырық, ықпал.

Бар әңгімелері діни ереже болатын ойсыз ортада жүрсе де, жас Абай олардың ауқымында, ықпалында қалып қоймады (Т.Әлімқұлов, Абай).

Бір өзімшіл пенделіктің ауқымынан босанып,

Тауға қарап ұзақ тұрдым жанарыма жас алып.

Ұзақ тұрдым (М.Шаханов, Ғасырлар.).

2. Жағдай, аужай.

Жаңабайды империализм қолдап отырған есуас өкіметтен ажыратып біртұтас майдан ауқымына әкелу керек (Ж.Тілеков, Жоңғар.).

Көпшілік ауқымын Әулет те ұқты. Мына жұрт соған жүрегіндей ыстық, өз көңіліндей жақын сезілді (Т.Тілеуханов, Біздің өке.).

3. Көлем, ая, шеңбер.

Табиғатта жеміс беретін заттың бәрі ана тәрізді. Жаз болса жан-жағына ауқымы жайылып, күннен-күнге қызғылт тартып өсе түседі (Р.Әутәліпов, Қыр әңгім.).

Қаладағы әдебиет әуесқойларының талап-тілегі бойынша биылғы оқу жылында сол факультеттің ауқымы кеңейіп, қазақ әдебиеті университеті болып қайта құрылды («Қаз. әдеб.»).

Оның бер жағында, өзара түсінісу құралы есептелетін тіл мәдениетінің де арнасы мол, ауқымы кең («Лен. жас»).

4. ж е р г. Көпшілігі, дені.

Мұндағы бұрыннан тұратын халықтың ауқымы шымыр руынан (Қаз. тілі. диалек. сөздігі).

// Төңірек, айнала, аумақ.

Әр жерінде сирек бұталары бар осы ауқымда топ-топ қара бурыл тезектер жатыр, өткен күзде бұл тепсеңде көп жылқылар жусаған болса керек (Ә.Көшімов, Қарт аңшы.).

Біз көкпар әкеп салған ауыл біздің ауқыммен құда, Мүшел қажының аулы екен (Ә.Көшімов, Жас аңшы).

// Деңгей.

Абай атамыздың 150 жылдық тойын ЮНЕСКО ауқымында атауға қол жеткізу де оңай түскен жоқ, ол халықаралық ұйымның тәртібі бойынша тек соңында кемінде, екі нөлі бар даталар (100, 200, 500, 1000 жылдық деген сияқты) аталатыны көп кедергі келтірді, сонда да қайтаайта айтып жүріп дегенімізге көндірдік («Егемен Қазақстан»).