АУЫЗ

lat: AÝYZ

з а т. а н а т. 1. Адамның, жанануардың тамақтанатын мүшесі.

Шеген аузына су ұрттап алғандай көпке дейін жұмған аузын ашпады (Р.Әутәліпов, Алтын жеміс.).

 Жас балапан балғындай

Ашып күнге ауызын,

Бадана бас бал бидай

Жатыр жарып қауызын (С.Мәуленов, Таңд. өлеңд.).

Кішкентай жеті-сегіз жасар бала шешесінің айтуымен аузындағысын алып тастап, тісін көрсетті («Жалын»).

2. Сөйлеу мүшесі, дыбыстау аппараты.

Әсіресе, біздің «Екі әуейі» әйелдің әңгімесіне жалыққан бар ма?

Ауыздарынан сілекейі, көздерінен жасы аққанша күлісіп мәз-мәйрам болды (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Бақсы бір заманда қаймыжықтай аузын кең ашып, бір нәрселер айтып, сирек біткен уақ тістерін жанға тие шықырлатып, селкілдей басын шайқады (С.Омаров, Қайырлы.).

Ауылда қазақ мектебін бітірген Иван қазақша сөйлегенде тыңдағандар аузын ашып, көзін жұмады (С.Адамбеков, Атылған қыз.).

3. а у ы с. Адам, кісі мағынасында.

Қиыныстау күндері үйдегі бар ауыз осының жолына қарап, соның тілеуін тілейтін (Қ.Жармағамбетов, Соңғы түн).

Апырай, шын адастым ба?

Көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болар. Ашу тұрған жерде ақыл тұрмайтын еді (Ғ.Мұстафин, Миллионер).

Кеше ит басына іркіт төгіліп жатқанда, Сейфулланың бір өзін ауырлаған жоқ еді, енді бұлар үшеу ғой. Ауыз көбейді, ауырсынды ма, қалай? Әйтеуір ептеп қана еншісін беріп, Сейфулланы бөлек шығарды (С.Талжанов, Сейфулла.).

4. Бір нәрсенің ашық жағы.

Тәуір болса, апам да барсыншы. Тым болмаса қаптың аузын ашып, қырман сыпыруға жарар деді (Ә.Кекілбаев, Замана.).

Сейтқали көмірді іріктей жәшікке салып, аузын шегелетіп жатыр (Ғ.Мұстафин, Қарағанды).

Ішін толтырып, аузын буған қап сияқты сұп-сұр, ұп-ұзын бірдемелерді мылтықты солдаттар қоршап алып келе жатыр (С.Мұқанов, Мөлдір махабб.).

//Бір нәрсенің үстіңгі беті, қылқа мойны. Қалың шөптің арасынан аузы ашылмаған бір бөтелке жигули сырасын тауып алдым (Қ.Исабаев,Арман.).

5. Бір нәрсенің кіріп шығатын жері, есік алды.

Айназар мен Айсұлу жүріп отырып, парктің жоғары жақ шетіндегі, шығар аузындағы бір орындыққа келіп, кейін қалған Әшірмен Раданы тосып отырды (С.Сейфуллин, Шығ.).

Біздің жігіттер дзоттың ауыз жағынан бармай, оның сырт жағынан гранатамен ұруда (М.Ғабдуллин, Сұрапыл.).

Қақпа аузындағы күзетші бұларды тоқтатып, кіруге рұқсат етілген қағаздарын көрсетуді сұрадыайдан).

6. Бір нәрсенің басталар жері.

Бесін кезі, күн қоңыр бұйралау еді. Жол аузында түстеніп дамылдап жатырмыз (С.Сейфуллин, Тар жол.).

Суы таяз өткел аузында баяу сөйлеген дауыстар шығады (С.Мұқанов, Шығ.).

Келесі күні Амангелді бастаған жігіттер Шыбынды көлдің аузына келді (М.Жұмағұлов, Қыран.).

// Сай, шатқал, өзектің басталар тұсы.

Осы мезетте Баршагүлге ілесе тебінген Уәли бір сайдың аузында қалтарыста жайылған топ ешкіні көрді (Ғ.Сланов, Шалқар).

Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,

Судың басы бір құзар шатқа кірді.

Шаттың аузын бекіткен алтын қорған, қақпасы бекітулі, көзі көрді (Абай, Тол. жин.).

Бірақ олай болмай, шатқал аузынан сайдауыттай бес жігітпен Ботақара шыға елді (Ж.Тілеков, Жоңғар.).

7. Жараның, ісіктің ашылған жері; үстіңгі жағы, беті.

Шешегінің ауыздарын шекпен қажап, қотырының суы шекпеннің сыртына шып-шып шығып кеткен екен дейді (М.Әуезов,Таңд. шығ.).

Ол дәкеге жабысып қатып қалған жараның аузын қолымен жұлып алды (Ә.Әбішев, Терең тамыр.).