АУЫЗДАН

lat: AÝYZDAN

е т. 1. Алғаш рет емшек ему.

Семіз, күйлі саулықтан туылған қозысы да ширақ, енесінің мол сүтіне өз бетімен ауызданып кетеді (Шопан сырласы).

Дәм татып бірінші рет бал ауыздан,

Қолынан барлық құлын ауызданған.

Жабу жауып жылытқан арық-тұрақ

Жабағы, тайды қысқы қар, ызғардан (С.Мұқанов, Шыңнан шыңға).

2. а у ы с. Бір нәрсеге алғаш рет тәрбиелену, машықтану, дағдылану, әдеттену.

Жалғыз қайда барарсың?

Жауыңды қалай табарсың?

Ауызданбаған арланым,

Абайсызда шабарсың,

Айлалы жаудың алдында

Тұзаққа түсіп қаларсың! (М.Мақатаев, Шығ.).

Оның (қазақтың) ұрпағы туғаннан өлеңмен ауызданып, өлеңмен қоректенеді (Ә.Нұршайықов, Шығ.).

Атасы, туысы ұлы жүз болғанымен, жасынан Көкшеде өскен Балуан Шолақ ән дәстүрінде Біржанның, Ақанның әсерінен ауызданады (А.Жұбанов, Замана.).

3. а у ы с. Жүйрік иттер мен қыран құстарды аң аулауға баулып үйрету, машықтандыру.

Қырдың қызыл түлкісімен ойнаған ауызданбаған күшік тазыдай соңынан қуып жетіп, құшақтай алды (Ж.Мусин, Туған үй.).

Өзінен оқ бойы озық кеткен ұялас қос ақ қасқа да балаң, бір ғана қар басты, әлі ауызданған жоқты (Ғ.Мұстафин, Дауыл.)

4. Қасқыр бөлтірігінің аңды ұстауға әдеттенуі.

Арланы мен ұрғашысына қоса әлі ауыздана қоймаған бес бөлтірігі бар екен (С.Бақбергенов, Қан тозаң).