АДАМ

lat: ADAM

зат. 1. Еңбек ете білетін, ойлы, саналы тіршілік иесі.

Аң емеспін, адаммын ғой, санам бар,

Шаттығымды бөлісіңдер, жараңдар!

Көкте күнім тұрған сәтте нұр шашып,

Жай ойнатқан бұлтыма да қараңдар (1,165).

Адам маған ұнайды, қылығымен,

Толқынымен ұнайды, тұнығымен.

Біреулері тоңдырса шылығымен,

Біреулері жылтады жылуымен.

Адам маған ұнайды қылығымен (1,228).

2. Рухани жағынан толысқан, жан дүниесі бай, ақыл, парасат иесі.

Адамзат, таптың, қоймадың,

Құпия жатқан атомды.

Ақылдың тойын тойлағын.

Ардақтап адам атыңды (2,301).

Анашым!

Асыл анам, есіл анам,

Елжіреп ескірмеймін, есіме алам.

Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді

Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам (1,84).

3. Қандай да бір адам, кісі.

Жанжал десе, құлағы елеңдеген.

Жауынгерлер сияқты ем сенен де мен.

Сенбеймін, сен адамды ата алмайсың,

Қару алған жауынгер дегенменен (1,238).

Беймаза мынау заманға,

Берік қып қойдың тосқауыл.

Ұраның сенің әманда:

Адамға адам дос, бауыр (2,279).

//Отбасы мүшесі. Не көрінген бұл үйдің адамына ?!

Қуанбайды қаз басқан қадамыңа.

Неге сенің жан анаң бір күрсініп,

Ауық-ауық, қарайды жанарыңа?! (1,149).