lat: AINALDYR
ет. 1. Бір орыннан айналдыру, дөңгелету .
Әдемілікке дегенде біздерде қанағат жоқ қой, солай емес пе, мойындашы, – деп, Зияшты қу күлкісіне тоғытып, құшақтап алып, айналдырып жіберді. (4,156).
2 . Бір нәрсенің сыртынан шеңбер жасау жүргізу, төңіректету .
Кім екен мені саған дуалаған!?
(Сенсіз де көңілденем, қуана алам)
Кім екен,
Мені сенен айналдырып ,
Цирктің аттарындай қуалаған!? (3,171).
3. Бір нәрсені өз өсінен шыр айналдыру .
Жебірейіл айбалтамен шықсын, мейлі, жортуға,
Доңғалағын айналдырсын қалауынша Фортуна,
Бұл азапқа ет үйренген, қиналмаймын қорқауға! (5,73).
Әйтеуір, Әбен (оның аты осылай еді) қайсар оқушыға шүйіле бастағанда-ақ мен үстелдің үстінде тұрған глобусты әншейін айналдыра беріппін (4,128).
4. Белгілі бір механизмнің тетігін құлағынан ұстап не оңға, не солға қозғау .
Дариға радионы біраз айналдырды да, Зияшқа келді (4,156).
5. Бір нәрсені екінші нәрсеге өзгерту, ауыстыру .
Қайғы – жат. Қайғымен туыспа!
Қайғыңды айналдыр құрышқа!
Ильичтің есімін мәңгілік Орақ пен балғаңдай тік ұста! (1,133).
Айналады сол бір дән жас бұтаққа, сабаққа,
Жапырағын пері құс айналдырып тамаққа,
Ауыртады жаңағы сендерге ұсап, алад та (5,63).
6. Бір нәрсеге беріліп кету, қызығу, құмарту .
Жиырма! Қуанамын келгеніме!
Бірақ сен айналдырма ермегіңе.
Аллама тәуба етейін әлде қалай.
Ырзамын бұл өмірді бергеніңе (1,72).
Поэзия майданында әлі шыныға қоймаған, сол кездегі жас ақын, әлдекімдердің «Сен махаббаттың ақынысың» дегенін шын пейілмен қанат тұтып, махаббат тақырыбын өзінің стихиясына, көкейкесті мәселесіне айналдырып алмады ма екен? – деген ой туындайды (4,291).
7. ауыс. Біреуді айтқанына көндіруге әрекеттену, сөзбен үгіттеу .
Осылай деп ұстазым айналдырды өзімді,
Қолдарымның сыртынан жауып тұрған өзімді,
Қоса келіп жасырған қолдары оның сезілді (5,44).