АЛТЫН

lat: ALTYN

зат. 1. Аса құнды, бағалы (сары, ақ, қара түсті) металл .

Не істемекпін алтын , гауһар, жақұтты,

Оларды іздеп өткізбеспін уақытты.

Мен бақытсыз бола қойман сірә да,

Туған елім болса екен бақытты! (3,232).

Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда!

Дария шалқар даналығын ал, тыңда!

Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын

Айырбастап ала алмай жүр алтынға .

Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда! (3,273).

2. сын. Алтыннан жасалған, алтынмен апталған .

(Сонадайда баратса қашып аты,)

Арқасына алтын ер қасы батып,

Тыпырлаған байғұсты, сақа жасап,

Шиырып кеп жіберсем асық атып (3,271).

Толықсыған талма түстің шағында,

Ғарыштан тік нұр төгілген, жағылған.

Миллион көз бағып алтын күймені,

Миллион көз қуанышпен бағынған (4,10).

3. ауыс. Өте қымбат, аса құнды .

Сәлем саған, қара көз,

Сен бір алтын , мен бір жез.

Қайырылмасаң өзің біл,

Қасіреттен шыққан сөз (1,55).

Шыңға өрмелеп шығам десең, қанаттанар қарқының,

Қарсы алдыңнан күтіп алар сол бір әйел алтының .

Жолың болсың, енді екеуіміз қоштасайық, жарқыным (5,10).