АЛЫС

lat: ALYS (130)

сын. 1. Қашық, шалғай, жырақ (жақын емес).

Ей, асылым, білесің бе?

Сен алысқа кеткенде,

Әлсін-әлсін барып тұрдым сен жүретін көк белге.

Білесің бе? Есіңде ме?

Елегізіп көктемде,

Ұзақ-ұзақ қараушы ең ғой ұзақтағы бөктерге (2,367).

Ұрынбай боран, жауынға,

Көлікке мінген аяулы-ақ.

Алайда алыс ауылға,

Төтелеп тартам жаяулап (3,180).

2. Көп уақытқа созылған, ұзақ (тез емес).

Белгісіз жетем бе оған, жетпеймін бе,

Қалам ба орта жолда жетпей мүлде?

Әйтеуір, бір бақытым тұр алыста ,

Көрем бе, көгерем бе, көктеймін бе?! (3,159).

Арман-ай, әкеттің-ау тым алысқа , әкеттің-ау!

Қайғы ма, қуаныш па?!

Әншейін әуре болып жүрмін бе әлде

Әзіргі көңіл жықпас жұбанышқа?! (1,208).

3. ауыс. Биікке, үлкен мақсатқа.

Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген тулайды қайшылықта.

Ақын болсаң, жарқыным, алысқа аттан,

Күнделікті тірлікке бой суытпа (1,184).