lat: ASHYLÝ
1. Ашыл етістігінің қимыл атауы. Ашық қалу, айқарылу, жабылмау. Қалаға келсе, кеңсе жабылып қалған екен. Ертеңгі ашылуын күте алмай, шаруаларын бітіріп, кері қайтуды дұрыс көріскен (Б.Шалабаев, Өмірде.).
2. Жаңадан басталу, ұйымдастырылу, құрылу. Ресейдегі Қазақстан жылының ресми ашылуы мен Мәскеуде өтетін Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың экономикалық форумы сөйкес келді («Жас Алаш»). Қазір слет ашылу керек (М.Әуезов, Таңд. шығ.). Сәуір айының басында Ресейге жасаған ресми сапары аясында Мәскеу қаласының орталығында адамзаттың ұлы тұлғасы ақын Абайға ескерткіш ашылуы отандастарымыздың мерейін өсіріп, қуанышқа бөледі («Егемен Қазақстан»).
3. Белгілі болу, анықталу. Дифференқиалдық және интегралдық есептеулердің ашылуы, жалпы алғанда, жаратылыстану ғылымдарындағы, жеке алғанда, математика ғылымындағы үлкен төңкеріс болып есептелді (О.Жөутіков, Жаратылыстану.).