lat: ASTY
з а т. 1. Заттың үстіне қарамақарсы жағы, беті.
Жақындап тың тыңдады құлақ түріп,
Қанден ит арба астында жатыр үріп,
Күзетші айналып жүр аулақ жерден,
Мойнына көрер емес салсаң құрық (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Шалағай жанның қасы жыртық қайық,
Бір күн жел, сеніп болмас, бір күн айық...
Астың теңіз, үстің жел дос емессің,
Қарбайып әлек болма қанат жайып (XX ғ. қаз. ақын.).
2. Белесті жердің баурайы, арғы жақ бетінің төменгі тұсы.
Асан мен Үсен бір күні, ел көшкенде, қыр астында ойнап жүріп, ескерілмей, екеуі жұртта қалады (Ы.Алтынсарин, Таңд.). Салқын белден сары желді естіріп,
Мезгіл екен күн еңкейген кешкілік.
Бүркіт бастап кепті тойға өңшең жас,
Әсем дауыс қырқа астынан естіліп (М.Айтқожина, Шың.).
Қыр астынан шығатын
Қайран алтын Қостанай.
Жатқандай боп түн қатып,
Керуен қонып, көш талай (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).
3. Жаңбыр, бұршақ, түтін, оқ, шаң, боран, жел тақілеттес заттардың маңы, арасы, іші.
Әйел бұршақтай бораған оқ астына қарай кіріп келе жатыр (Ғ.Мүсірепов, Таңд.).
Шілдеде аптап астында,
Қыста боран ішінде,
Жас баласы қозыда,
Қатыны жүр от жағып,
бәйбішенің еркінде (Жамбыл, Таңд. шығ.).
Тұтасқан ш а ң н ы ң астында жиралаңдап әлдебір алып жыландар қаптап келе жатқандай (Ә.Кекілбаев, Үркер).
Сонымен Әлім мен Садық екеуі өлі де қақап тұрған аяз, қатты қара д а у ы л астында кейін қарай жол жағалап, жаяу тартып кетті (М.Әуезов, Шығ.).
Жел-жел есер, жел есер,
Ж е л астына қарасам,
Қоға менен тал өсер,
Ораздының ұлы өсер (Шалкиіз жырау).
4. Қағаз, кітап бетінің төменгі жағы.
Ант қағазының астына Петр патша айтқандай, қазақ хандарының, ең болмаса, біреуінің қолын қойдырып алса, баяғыдан бері көздің жауы, көңілдің құрты боп келе жатқан Азияның кілті орыс патшасының қалтасынан бір-ақ шығары сөзсіз (Ә.Кекілбаев, Үркер).
5. Іші, ішкі жағы.
Бетінде түрткен-түрткен қарасы бар, ақ бір байларының а с т ын а н көрінген арзан айсырға таққан құлағының ұшына дейін қып-қызыл (Ж.Нәжімеденов, Ақ шағыл).
Костюмнің астында кір-кір жилет көрінеді («Қаз. әдеб.»).
Мен Дәулетиярдың құндызбен жиектеген бөркі астынан тершіген қыртысты желкесін ғана көремін (Т.Ахтанов, Махаббат.).
6. а у ы с. Мінген көлігі (ат, мәшине туралы).
Алғаның жақсы болса қорғандай-ды,
Жаман болса қайтесің, сормаңдай-ды,
Атың жүйрік, алғаның жақсы болса,
Астыңда жылжып жүрген жорғаңдай-ды (Шал ақын, Өлеңд.).
Әуелі жабы айғырдың баласы,
Ел шетіне жау келсе,
Жауға шауып шыға алмас.
Топқа барсаң дірілдеп,
Астыңда төзіп тұра алмас (Кердері Әбубәкір, Қазағым).
Қозыбақ аулы кейде бір елмен барымталасса, қолдарына қара шоқпар, астарына жүйрік ат беріп, жортуыл бейнетке соғысқа да салатын (М.Әуезов, Шығ.).