lat: AT
з а т. 1. Балаға қойылған есім, ныспы.
Шапырашты - әсілім,
Айқын деген нәсілім,
Үмбетәлі - өз атым,
Сөз айтпаймын жасырын (Ү.Кәрібаев, Таңд. шығ.).
Амалым кісілердің атын білмек,
Өздері сөйлескенде затын білмек (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Айта алмаймын атыңды,
Қалар деп біреу шамданып.
Бар болса егер хатымды,
Қайтадан қара аударып (С.Мәуленов, Алыс кетіп.).
2. Атақ, даңқ.
Ақтармын оқып-жетіп адам атын,
Басқаға жоқ ықылас бөлуге мен (С.Торайғыров, Шығ.).
Елім мен дүниеге аян атым,
Жаным жоқ гүлдентуден аянатын (Т.Айбергенов, Мен саған.).
Үрейлі сенің атың «Барсакелмес»,
Тұрады көз алдыңда қаншама елес (Т.Айбергенов, Мен саған.).
3. Мамандыққа, кәсіпке байланысты лауазым.
Жасынан олай сүйреп, былай сүйреп жүріп, әйтеуір молда атына іліктіріп еді (С.Торайғыров, Шығ.).
Алды мақтау қағазды,
Гүлсім дағы мақтанды.
Бір кластың ішінде «отличник» атты алды (О.Шипин, Өмір өрнегі).
Бір қылышы бар еді
Суғарылған заһармен.
Атын шахар дер еді,
Байлады соны қаһармен (Бабалар сөзі).
4. Белгілі бір нәрсеге қойылған атау.
Балықшылармен танысып болғаннан кейін, мен қарттардан осы өзеннің атын сұрадым (Қ.Исабаев, Арман.).
Ақ бидай алтын астық дәнім аты,
Ақ бидай - бүгін шырқар өнім аты (Н.Шакенов, Шаттық.).
Құнанбайға да алым, түсім аз болмаған.
Ол түсімнің аты - пара (М.Әуезов, Әр жыл.).
5. Үй жануарларына қойылған қосымша ат.
Мінеки, мына сиырдың аты - «Ақшабақ», менің сиырым,-деді Тамара әр сөзін үзіп-үзіп айтып (Ә.Нұршайықов, Жомарт.).
Жаман иттің атын Бөрібасар қояды (Мақал-мәтел).