lat: ATQAR
е т. к і т. 1. Тапсырылған жұмысты істеу, орындау.
Матрос болдым, кочегарлық қызметті де атқардым (І.Жансүгіров, Әңгім.).
Жоқ, Махмет, ересек жұмысшылардың ісін біз әзір атқара алмаймыз, қолымыздан келмейді (Н.Ғабдуллин, Қызық дәурен).
Партия құрылғанша мұндай рөлді кейіннен партия органы болған «Қазақ» газеті атқарып келді («Егемен Қазақстан»).
Дене азығы дегеніміз - пароход, ат арба,телеграмма, телефон, ұшатын аэроплан, пар қуатымен жұмыс атқаратын машина тағы сондайлар (С.Торайғыров, Шығ.).
2. Басынан кешіру, өткеру, өткізу.
Мақтауға Арыстандай бір адамы
Атқарған Дәулетімен мұнша жасты (Кердері Әбубәкір, Қазағым).
Бәз-баяғы қалпында бар тіршілік,
Бәз-баяғы міндетін тұр атқарып (М.Мақатаев, Шығ.).
Сексенді сен атқардың жұмыспенен (А.Байтұрсынұлы, Шығ.).
Бектас ертеңгі шайды үнсіз атқарды (А.Байтанаев, Қайнар.).
Петр Денисович - екі соғысты атқарған кәрі солдат (С.Омаров, Әңгім.).
3. Ойнау, образға ену.
Ол біресе Тәшен, біресе Хаман рөлін атқарады (С.Райымқұлов, Бұрылыс).