Ад

lat: Ad

    Құранда және мұсылман аңызында Арабияның құрып кеткен көне халықтарының бірі. Құранда берекелі ел бола тұрып, Құдай өсиетінен бас тартқан адамдарды Алланың құртып жібергені туралы аңыздарда айтылған. Адиттердің жақсы өніп, өскені, құдайға сенбеушілігі, сол үшін мекендерін шөл алып, кейін Құдайдың құдіретімен болған дауыл оларды жер бетінен құртып жібергені жөнінде де Құранда жазылған.

    Құраннан кейін шыққан аңыздарда адиттердің Алладан жаңбыр тілеп жалбарыну үшін Меккеге адамдар жібергені сөз болады. Оларға аспандағы бұлттардың бірін таңдауды бұйырады. Өздерінің таңдаған қара бұлтты, кейіннен дүлей жел соқтырып, одан Алланың өзі жіберген һуд пайғамбар және Құдай жолын ұстаған біраз адамдар ғана аман қалады.

    Құранда көрстілген бағдарлар Арабияның солтүстігі мен оңтүстігінің бірінде исламға дейінгі көне заманда отырықшы араб патшалығы болғаны туралы жазылған еңбектер болғанын айтады. Исламға дейінгі араб поэзиясында адиттер тағдыры туралы сөз болады. Онда "адит" атауы "көне" деген ұғымды білдіреді. Көне заманнан қалған орындар Арабияда күні бүгінге дейін "адийат" деп аталады.