lat: BALǴYN
с ы н. 1. Әлі өсіп жетілмеген, балауса (өсімдік).
Балғын гүлдің шаттығын өмірсіз ғып,
Қайдан шықты бұл мимырт көңілсіздік?
Танымастай өзгертіп жіберді елді.
Жастық шаққа жасалған сенімсіздік (М.Шаханов, Ғасырлар.).
Өсімдіктер өркендер, туса көктем
Қатты, қалың асфальтты тесіп өткен.
Түбіттей жұмсақ, балғын шөпті көрем,
Жамағат, ойнамаңдар тіршілікпен (С.Мұқанов, Шыңнан шыңға).
2. а у ы с. Толықсыған, уылжыған.
Жас едік, балауса едік, балғын едік,
Бөріміз бір шабындық шалғын едік.
Сонау бір дауыл жылда бөріміз де,
Талшықтап жүрек отын шамғып едік (Р.Нұрпейісов, Туған өлке).
Қою қара қасты, ойлы жүзді балғын жігіт кездесті. Алғашқы кездескенде-ақ қыз жүрегін бір бүлк еткізді (Т.Ахтанов, Қаһарлы күн.). Бір сәтке болса да көптен ұмыт болған баланың балғын денесін бауырға басып, әкелік сезімін оятқандай еді (К.Сегізбаев, Ашыл. сыр).
3. а у ы с. Жас, балауса. Облыстағы мектептер қандай тамаша. Балғын бөбек балалар қандай өсіп келеді (Ғ.Сланов, Замана.).
Түнеп қалғам сенің балғын кеудеңде.
Мұнан кейін бір күннен соң, бір күннен,
Есігіңді жиі қағып тұрдым мен (М.Шаханов, Ғасырлар.).
4. а у ы с. Сүйкімді, нәзік.
Таяныш қып күрегін,
Баласы оймен күйеді,
Бөбектің балғын білегін
Анасы сорып сүйеді... (М.Жұмабаев, Шығ.).
Сәби бөбектер бізге балапан жапырақтай балғын алақандарын созады (З.Қабдолов, Сыр). Шалдың мойнына бөкебайдың оралған бейқам арудың балғын білегі осы бір жәйтті аңғарғандай еді (Т.Бердияров, Солдат.).
5. а у ы с. Пәк, таза, бейкүнә.
Сен қалдың жалғыз жағада,
Тыңдамай достың тілегін,
Түнек ой балғын санада,
Қайғыға толған жүрегің (Ә.Сәрсенбаев, Жазылм. кіт.).
Айта алмаймын мен оны,
Кеттік еркін өмірдің кең жолымен.
Балын үміт жалт бұрылып шалғайға,
Тек сол күннің елестері қалды ойда (М.Шаханов, Ғасырлар.).
Балаң елдің балғын ойы мен батыл даусынан айырылып қалар ма екенбіз? - деп шошынады (Д.Әбілев, Арман.).