БАРЛЫҚ

lat: BARLYQ

з а т. 1. Молдық, молшылық, баршылық. Барлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді (Мақал-мәтел). Жалғыз өзінің ата тегінің барлығы, байлығы, өмір құдіретінен басқа, халық қамын ойлайтын бірде бір мансап иесі бармысың (М.Әуезов, Абай жолы). Барлық жарастырар, жоқтық таластырар (Мақал-мәтел). Қозысы өлген саулыққа, қой теліген барлықта (Ш.Жанәбілев, Қаз. мал атау.).

2. Бар екендік, жоқ еместік. Прозаға Бейімбеттің қыры барлығын, қаламы жүйріктігін «Шұға» дәлелдей алады (С.Мұқанов, Өсу жол.).

Уайым - ер қорғаны, есі барлық,

Қиыны бұл дүниенің қолы тарлық (Абай, Тол. жин.).

3. ф и л о с. Бар болушылық. Зат мәңгі қозғалып келе жатқан болу керек, өйткені заттың қозғалуы барлығының, болғандығының салдары. Бар, болған нәрседе бір сипат болуға тиіс (Ж.Аймауытов, Шығ.). Мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір Құдайдың барлығына, бірлігіне һәм көміл жаратушы халық - қадір екендігіне дәлел болса керек (Ы.Алтынсарин, Таңд. шығ.).