lat: BARLYQ
е т. 1. Семіз аттың шапқанда алқынуы, екпіні қайтуы.
Шабыстан ат барлықты,
Айқайдан дауыс қарлықты.
Жаралы тартты зарлықты,
Замана қылды тарлықты (Бабалар сөзі).
Тосқауыл бөгеттері көп өзектен өте бере мүлде барлығып қалған торы ат қанша борбайлап, қос өкпеге тепкілегенмен шаба алмай лекіте шоқиды (Ә.Көшімов, Екі бүркіт). Кер құнаны барлығып қалды ма, жоқ өзінің жалқаулығы ма, шабысы бәсеңдеп, қаздар тобы да, ителгі де ұзап кетті (С.Бегалин, Таңд.).
2. Айғайлаудан дауыстың бар-бар етіп қарлығуы. Ұста балғаларының шаң-шұң жаңғырықтары, базар делдалдарының барлыққан дауыстары, мастардың беймаза айқай-шулары Арыс бойын басына көтеріп, даңғаза қылып дүрліктіріп жататын (С.Мәуленов, Жұлдыз.).
Байекең отыр барлығып,
Ыстық па, буған ыза ма.
Шығады даусы қарлығып,
Қымызға әлде қыза ма (Ж.Молдағалиев, Жесір.).
Қоспан атын тебініп айқай сала беріп еді, даусы барлығып тамағына кептеліп қалды (Т.Ахтанов, Дала сыры).