lat: CHEK
[ағыл. cheque, check – тексеру, бақылау, кедергі жасау] зат. 1. Кассаға ақша төлегенде берілетін талон.
– Маған чек жазып беріңізші, – деді әйел пальтоны шешпестен дүкеншіге барып (М.Иманжанов, Адам.).
2. экон. Қатаң түрде белгіленген нысандағы бағалы қағаз [Онда чек берушінің чекте көрсетілген ақшалай соманы чек ұстаушыға төлеу жөнінде банкке берген өкімі баяндалады].
Чек төлем айналымында пайдаланылады және онда міндетті түрде "чек" деген атау, чек берушінің тапсырмасы (өкімі), чек берушінің аты және оның төлем төленуге тиіс шоты, төлем төленетін валюта, чектің жазылған күні мен мекені, чекберушінің қойған қолы болуға тиіс (Қаз. тілі термин. Экономика.).
Чекте деректемелердің ең болмаса біреуінің болмауы, құжатты заңды күшінен айырады. Түрлері: "бұйрыққа жатады" деген ескертпемен белгілі бір адамға жазылған ордерлік чек; "бұйрыққа жатпайды" деген ескертпемен белгілі бір адамға жазылған атаулы чек; "ұсынушыға" деген жазу жазылған ұсынушыға арналған чек (Қаз. тілі термин. Экономика.).
3. заң. Чек берушінің чек ұстаушыға онда көрсетілген соманы төлеу жөнінде банкке ешқандай шарт қойылмаған жазбаша үкімі бар бағалы қағаз.