lat: CHEMPION
зат. 1. Спорттық жарыстарда бірінші орынды жеңіп алған спортшы.
Осы ауылдан шыққан Нұрқан деген республика чемпионы, палуан жігіт бар (М.Сүндетов, Қызыл ай).
Омекең дүние жүзінің чемпионы Қажымұқан палуанды ағайыным деп, мақтан тұтып отырар еді (“Қаз. әдеб.”).
Жақсылықтың жеңісін жалғастырған Анатолий Быков та еліміздің чемпионы атанды (“Мәдениет және тұрмыс”).
2. сов. Сынға түскен бәсекелерде үздік нәтиже көрсетіп, маңдай алды атанған жеңімпаз.
Себебі олар жылма-жыл бірқалыпты жоғары көрсеткішке жетіп, көп қозы алып жүрген чемпион шопанмен жүздесіп, тәжірибесін өз аузынан тыңдап, ғибрат алғысы келеді (Т.Айнабеков, Алғы.).
Озық сауыншы тоғызыншы бесжылдықты табысты аяқтады, социалистік жарыстың жеңімпазы, «Коммунистік еңбектің екпіндісі», аудан чемпионы атанды («Қазақст. әйелдері»).
Совхоз партия ұйымының секретары Бексұлу Махамбетованың суретінің Құрмет тақтасына ілінгенін, жуырда ғана жас механизатор қыз-келіншектер арасындағы социалистік жарыста аудан чемпионы атанғанын айтқан еді («Лен. жас»).