lat: DÚNIE /268/
зат. 1. Әлем, жаһан, жержүзі .
Арынға салма ауыздық,
От болсын , мейлі шоқ болсын.
Дүниедегі жауыздық.
Көмейден өтіп жоқ болсын! (2,65).
Мүмкін емес Жерді олар қалдыруға,
Жақсылыққа бақса игі барлығын да.
Дүбіріңнен дүние дүр сілкінген,
Отандастар, ортақпын тағдырыңа! (2,185).
2. Өмір, тіршілік .
Мына жолмен уайымсыз әлі талай өтерсің,
Шыға алмаған асуыңа, аман болсаң жетерсің.
Ей, Бауырым!
Ей, Бауырым, басыңды бір көтерші,
Мынау қызық дүниені қалай қиып кетерсің (3,69).
Ал екінші бақытым
– Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім (3,274).
3. Қоршаған орта, табиғат, жаратылыс .
Дүние майда неге құлпырады?!
Шаттанып шалқақ кеуде шың тұрады.
Көңілде көлдей тұнық сыр тұнады,
Секілді бұлақтардың сылқым әні (2,276).
Тау етегіндегі адыр-қырқалар көкпеңбек.
Дүние тегіс түлеп біткен кез (4,162).
4. Мүлік, мүкамал .
Үзіліп қалған армандай,
Еш нәрсеге де таңданбай,
Еш нәрсеге де алданбай,
Дүние жиып, малданбай (3118).
Үй ішінде тұрмысқа ең қажет, ең керекті заттардан бөлек бөтен дүние жоқ (4,166).
5. Туынды, шығарма .
Мұндай дүниелер , сөз жоқ томаға тұйық толғақсыз туылмаған (4,254).
Жоғарыда аталып өткен таңдамалыларды қоспағанның өзінде, қазақ совет поэзиясының бір жылғы өнімінің өзі бір адамның арнайы бір жыл отырып зерттеуіне тұрарлық дүниелер (4,306).
6. Шіркін-ай, өмір-ай, заман-ай д.м. қолданылатын көңіл күй одағайы .
Япырай! Неткен көктем!
Көктем!Көктем!
Дүние-ау , сен осылай көкпеңбек пе ең!
Мәңгі-бақи түлеген қаз қалпында,
Tабиғат керемет ең неткен, неткен?! (1,228).
Сарқытындай өлімнің қалған қарға,
Екеу болса, дүние-ай , арман бар ма!»
Аракідік назарын аударады,
Төрт бүктеліп еденде қалған жарға (2,173).