ЭТНОЛИНГВИСТИКА

lat: ETNOLINGVISTIKA

з а т. л и н г в. Тілдің қызметі мен дамуының халық мәдениеті мен психологиясына қатынасын, олардың бір-біріне әсерін зерттейтін тіл біліміндегі бағыт. Неғұрлым кең мағынада э т н о л и н г в и с т и к а лингвистикалық әдістердің көмегімен мәдениеттің, халық психологиясы мен мифологиясының мазмұнын зерттейтін кешенді ғылым ретінде танылады (Б.Қалиев, Тіл білімі терм. түс. сөзд.). Э т н о л и н г в и с т и к а этностың (одан ұлысалық>ұлт) инсандық болмысынан туындап, санасында сараланып, тарихи жадында сақталып, тілі арқылы ғасырлар бойы қалыптасып, қорланып, рухани-мәдени мұра ретінде атадан балаға, әулеттен нәсілге үзілмей ауысып келе жатқан дәстүрлі мирасты жаңғыртып, жанақты зерттеп, танымдық мәнін ашып, болашақ ұрпаққа ұсыну мақсатына байланысты дүниеге келген тіл білімінің күрделі де құнарлы саласы (Қаз. тілі. энцикл.).