ФИГУРА

lat: FIGÝRA

зат. 1. мат. Геометрияда жазықтықтың тұйық сызықпен шектелген бір бөлігі немесе белгілі бір тәртіппен орналасқан нүктелердің, сызықтар мен беттердің, денелердің жиынтығы.

Егер мен сызықтары бірдей келетін геометриялық фигура деп анықтасам, мен тек сөздік анықтама беремін (А.Қасымжанов, Диалектика.).

Фигура деп әдетте нүктелердің, сызықтар мен беттердің шекті санынан тұратын жиындарды айтады (ҚҰЭ).

Ол сонда алдын ала жазылған есебі не чертежі болмай-ақ еш қателеспей геометриялық фигура сызады (Қ.Қайымов, Қызықты зоол.).

Бұл бөлімде түзу сызықты фигуралар және олар жөніндегі алғашқы теоремалар туралы айтылады («Қазақст. мұғ.»).

2. Кітаптағы мәтін ішінде берілген сызбалардың аты.

Изометрия осьтері жүргізілген және LО4 жазықтығында чертеждегі алдыңғы көрініске сәйкес келетін фигура салынған (Сызу).

Проекциялаудан алынған фигура ауданымен берілген фигура ауданы тең болуы неге негізделінетіндігін іздестіріп, оған жауап беруге ұсыныс жасалды («Қазақст. мект.»).

3. ауыс. Адамның дене бітімі, сыртқы келбеті.

Ал ақшаны қайдан тапсаң оннан тап, ол жағын өзің білесің... Үшіншіден кіріңді жуып, отыңды жақпаймын, фигурам бұзылады («Мәдениет және тұрмыс»).

4. Шахмат тастарының (король, ферзь, ладья, ат, піл секілділерінің) пешкалардан өзге жалпы атауы.

Хасен оның келгенін мақұл көріп, шахмат бетіндегі фигуралардың тұрысына назарын аудартты (А.Байтанаев, Болат).

Муратов сицилия қорғанысын пайдаланып, бір фигурасын құрбан ету арқылы өзінің асқан шеберлігін танытты («Соц. Қаз.»).

5. әдеб. Сөздердің мәнерлілігін арттыра түсетін сөз орамдары мен сөз тіркестерінің айрықша синтаксистік құрылысы.

Сөздің өткірлігін, әсерлілігін күшейтетін барлық синтаксистік сөйлем құрастыруларды бір сөзбен айтқанда фигура деп атайды (Қ.Жұмалиев, Әдеб. теор.).

Ой және сөз фигурасы болып жіктеледі. Ой фигурасы іштей: 1) сөйлеушінің позициясы ескерту, баға беру (жарлай арнау); 2) заттың мағынасы айқындау, анықтау (шендестіру); 3) суреттелген затқа автордың көзқарасы таң қалу, риза болмау; 4) тыңдаушымен байланыс қарату немесе сұрақ қою (сұрай арнау) болып бөлінеді (Қаз. тілі. энц.).