ФОРМА

lat: FORMA

зат. 1. Заттың сыртқы түрі, тысқы пішін, көрінісі.

Қарашы, енді қандай болдым?, деді,

Міне, мен жаңа Әбден толдым, деді.

Жолдасы тағы қарап денесіне:

Қалпыңда қараң менен формың, деді (А.Байтұрсынұлы, Ақ жол).

Жердің кейбір қасиеттері: оның домалақ формасы, қозғалысы, газ құбыршығының бар екендігі т.т. басқа планеталарға ұқсайды (X.Әбішұлы, Халық астрон.).

Бағандай жуандығы төрт аяқтың,

Әрбірі тұяғының оттың орны.

Иілген аузы омыртқа, жалы сұйық,

Шоқтықты, қабырғалы көрсең формы (О.Шипин, Дастан.).

2. Белгілі бір мазмұнның сыртқы көрінісі болып танылатын түрі, үлгісі, құрылымы.

Мемлекет бұл кезеңде пролетариат пен шаруалардың революциялық-демократиялық диктатурасы формасында болуы мүмкін еді («Қазақст. коммунисі»).

Оның қызыға әңгімелегені іріленген бригада. Жұмыстағы бұл жаңа форма шопандар өміріне көп жаңалық енгізіпті (Н.Әбуғалиев, Жаңа.).

3. Белгілі бір мекеме қызметкерлеріне, әскери адамдарға, мектеп оқушыларына арналып, бірөңкей үлгімен тігілген киім.

Бала теміржолшы формасымен киінген, пиджак-шалбары, фуражкасы өте жарасып, тал бойына қонып тұр (М.Иманжанов, Адам.).

Бас жағында ілулі гимнастеркасын алып иығына жамылды, көп киіліп қағылған ескі әскери форма (3.Шүкіров, Сарша.).

Мына баланың үстіндегісі Лепсі балалар үйіндегі тәрбиелеушілердің биыл жазда алған жаңа формасы (Б.Тоқтаров, Тауда.).

4. Тиісті үлгі бойынша дайындалған іс қағазы.

Мына жігіттердің бәрін форма бойынша тізімге алыңыз, ал панфиловшылар дивизиясына кімдердің жіберілетінін кейін айтам (М.Ғабдуллин, Сұрапыл.).

Е, оның несі бар. Бәрінің қолында форма беру керек, міне, мен үлгісін ала келдім, барады да, толтырады да қайтады (Қ.Тұрсынқұлов, Есіңде ме.).

5. мат. Математикада барлық мүшесінің дәрежесі бірдей болып келетін бірнеше айнымалы шамалар көпмүшелігі.

Форма теориясы алгебрада, геометрияда, сандар теориясында, дифференциалдық геометрияда, механикада т.б. математика саласында қолданылады (ҚҰЭ).