lat: HANAKA
Сопылардың тұрақжайы, құдайға құлшылық ету орны; кезбе дәруіштер тоқтайтын үй, тегін қонақжай. Xанака атқаратын қызметі жағынан рибатқа ұқсас. Xанака салу, шамамен, 9-10 ғасырлардың қарсаңында мұсылман әлемінің шығысында — Хорасан мен Мауараннахрда пайда болғанға ұқсайды. Одан кейін ол Батыс Иран, Ирак, Сирия мен Мысырда кең етек жаяды, сондай-ақ Үндістанға тарайды. Xанакада құдайға құлшылық ету рәсімі (ораза, зікір салу, жалпы мінажат ету, түнгі құлшылық т. б.) жүзеге асырылатын болған.
10 ғасырдың аяқ кезінен бастап “ұстаз — шәкірт" жолын ұстанған тұрақты Xанакалар пайда болды, яғни Xанака жеке бас тіршілігін мүлде шектеп, барлығын тақуалыққа бағындыратын мистикалық жолды ұстаушы қауым орталығына айналды. Дәстүр бойынша алғашқы Xанака мүшелеріне арналған заң ережесін шығарушылардың бірі Збу Саид Майхани болды. Осы тұста шығыстан кейбір Xанакалар "әулие сақалдар"жерленетін сағанаға айналды.11 ғасырдың 2-жартысында Xанака батыста салжұқ шапқыншылығынан кейін пайда бола бастайды да, осы ғасырдың үшінші ширегінде Халеб пен Дамаскіде ірге тебеді. Xанака ең алғашында өкімет мекемелеріне тәуелсіз, жекеше немесе қоғамдық ұйым түрінде пайда болғанмен, кейіннен (мешіт, медресе сияқты) қоғамның әлеуметтік шоғырлануының негізгі орталығына айналды. Олар негізінде ерлер қауымынан құралды, алайда бірыңғай әйелдер Xанакасы (Каир, Дамаск, Бағдат, Мекке) да болды. 12 ғасырдың соңынан Xанака сопы бауырластығының (тарика) орталығына айналып, тек өз мүшелерінің ғана емес, Xанаканы қаржымен жабдықтап тұратын тұтас майдагерлік корпорациялардың басын біріктірді. Xанаканың келесі бір кірісі қайыр-садақа мен мемлекет тарапынан берілетін жәрдемнен құралды. Мемлекет тарапынан жәрдем қаржы босату Ираннан басқа мұсылман елдерінің бәріне тән құбылыс еді. Сопы қауымына назар аударып отырудың пайдалы екенін тез аңғарған Ирак, Сирия мен Мысырдағы салжұқтар, фатима, айиуб әулеттері мен мамлюктер (12 ғасырдың ортасынан бастап) Xанакаларға қаржы бөліп, жаңа ғимараттарын тұрғыза бастады. Бұл елдердегі Xанака діни тіршіліктің орталығына айналды, ал мұндағы шейхтар бірте-бірте өзінің дін басшысы екенін ұмытып, әкімшілік-тапсырма беруші қызметімен айналысып кетті. Тек өкімет қарауындағы мінажат орындары ғана Xанака атанды. Өзінің бастапқы сипатынан айрылған өкімет назарындағы Xанакалар бауырластықтардан қол үзіп қалды, оның өкілдері өкімет бұғауынан босануға ұмтылды. 16 ғасырдан бастап Xанаканың орнын текке деп аталатын түрік үлгісіндегі сопы қауымы ығыстыра бастады, ол осман шапқыншылығы дүрбелеңімен бірге Мағрибқа етек жайды. Мауараннахрда Xанака әрі мінажат, әрі кезбе тақуалар тоқтайтын үй қызметін атқарды. Ол біріншіден, дала тұрғындары, көшпенділермен байланысты болды: екіншіден, миссионерлік орталық қызметін атқарды, соның арқасында түрікмен, қазақ және қырғыз тайпалары исламға кірді; үшіншіден, исламда "әулиеге" табынудың кең етек алуы салдарынан Xанаканың мән-мазмұны да едәуір өзгерді — олар "әулие бабтардың” сағанасы жанынан салынып, оған тәуіп етіп келгендерден түскен қаржы Xанаканың күнкөріс көзіне айналды. Үндістанда Xанаканың пайда болуы 12-13 ғасырдың қарсаңына саяды. Оның 13-15 ғасыр аралығында кең етек алуына чиштийа және сухравардийа сопы бауырластығы үлкен ықпал жасады. Xанаканы салу барысында оның негізгі атқаратын қызметі — мінажат ету орны екендігі ескеріліп отырды. Xанаканы кейде мешітпен бірге салды. Дәстүр бойынша оның мінажат бөлмесі мен асханасы негізгі ғимарат ішіне орналасты. Алайда, көптеген Xанакалардың арнайы салынған ғимараттары болмады, олар көбінесе дін бауырластығына жеке адамдардың қайрымдылық жолымен берген үйлеріне ірге тепті.