Исламның пайда болуы

lat: Islamnyń paıda bolýy

Ислам әлеуметтік-идеологиялық құбылыс ретінде Арабия қоғамы дамуының тарихы нәтижесі болды. Ол көне заманнан бастап, орта ғасырға өтпелі кезеңдегі бүкіл Таяу Шығысқа тән жалпы өзгерістерді алып келді. Оның дүниеге келуі таза діни жағынан алып қарағанда өзіне дейінгі байырғы діндердің өркендеуі және әсер етуіне, яһуди, сондай-ақ синкретикалық монотеизмнің өзіндік арабтық үлгісін бойына сіңірген араб халқының діни сана-сезімінің дамуына байланысты болды.

5-6 ғасырға таман Арабияның солтүстігі мен оңтүстік аудандарындағы таптық көне мемлекеттер ыдырады. Көбінесе осы мемлекеттердің экономикалық ахуалының негізі болған керуен саудасы әлсіреді, көптеген қала орталықтары азып кетті. Мал баққан көшпенділердің өріс аударуы жиілеп, олардың әскери күш-қуаты артты, соның нәтижесінде олар отырықшылардың мекен-жайына басып кіре бастады. Шөл дала мен көгалды, құнарлы жерлерін басып алып, өздеріне қаратты. Байырғы егіншілік аймақтары мал жайылымына айналдырылды. Арабияның солтүстігі, шығысы, мен оңтүстігіндегі кейбір жерлер бірте-бірте Иран, Византия, Эфиопия секілді көршілес мемлекеттерінің тікелей билігіне көшті. Сонымен қатар Иран мен Византияның өзара қырқысуы арабтардың осынау алып империясының осал жерін байқауына мүмкіндік берді.

Көне қоғам негіздерінің ыдырауы күллі қоғамдық қарама-қайшылықтарды ушықтырып, байырғы әлеуметтік байланыстардың жігін ажыратуға әкеп соқты. Қоғамның түрлі топтарының, тайпаларының, көшпенділер мен отырықшылардың арасындағы жанжалды күшейтті. Мұның бәрі тұрмыстың бей-берекеттігі тудырған көңіл-күй қобалжуының шиеленісуінен, исламға дейінгі араб поэзиясынан байқалатын фатализмнен көрініс тапты. Осының өзі, құдай деп есептеген ескі пұттарға деген көңілдің суынуы, арабиялықтардың рухани ізденістер жасауына себепші болды.

Осы 5-6 ғасырда Арабияның жаңаша тыныс-тіршілігі өмірге келді. Отырықшы және көшпенділердің өсу арақатынасына құрылған жаңа мемлекеттер пайда бола бастады. Бұлардың ішінен көшпенділер негізгі билікке ие болды. Көшпелі тайпалар мен қала тұрғындары арасындағы жаңа одақтар дүниеге келді. Арабиялық жәрмеңкелік жүйеге иек артқан ішкі-арабиялық сауда байланысы күшейіп, жаңа саяси-сауда орталықтары (Мекке) жоғары дәрежеге көтерілді. Тайпалық территорияларға (бөлінген Ішкі Арабияда жан сауғалауға болатын қасиетті орындар мен сауда орталықтары — "қорықты жерлер” ерекше маңызга ие болды. Көптеген діни пұттар мәнін жойды; жергілікті және тайпалық тәңірлердің ішінен Алла, әл-Лат, Манат, ол-Узза есімдері жалпы арабиялық мәнге ие болды.

Арабияда этникалық және мәдени нығаю һэм бірігу, топтасу процесі жүріп жатты. Барлық жерде жалпыга бірдей араб тілі, ортақ бір тілде сөйлеу секілді жалпы сана-сезім оянуының нышандары кең етек алды. Ру-тайпалық құрылыстан ерте таптық кезеңге өту мерзімі әрі қарай жалғасып, ерте таптық қатынас дамыды, әлеуметтік теңсіздік анық біліне бастады.

Саяси-экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді идеологиялық жағынан негіздеу, оларды дамыту үшін Арабияның түкпір-түкпірінде тайпалар мен қалаларды біріктіріп, сыртқы жауға қарсы тұруды ұйымдастырған саяси қозғалыстар жүріп жатты. Олардың басында құдаймен тікелей байланысы барлығын білдіруші және өзінің қызметін "тәңірлік" рухпен негіздегісі келген адамдар тұрды. Құдай оларға бір және жалғыз болып көрінді және ол Рахман немесе Алла деп аталды.

Ислам сондай-ақ Мұхаммедтің пайғамбарлық қызметі жалпы процестің жекеше және заңды көрінісі болып табылады. Алайда идеялық және саяси тұрғыдан келгенде Мұхаммед ерекше тұлға болатын, оның сол қасиеті мазмұндық тұрғыдан яһуди-христиан діни сектасына жақын бір түкпірдегі хиджаз қозғалысының өзіндік сипат алып, рухани және саяси күш-қуатқа ие болуының исламның дүниеге келуінің өте маңызды тарихи оқиғаға айналуының себепкері болды.

Исламның яһудизм және христиан дінімен байланысын ерекше атап көрсету керек. Арабияда осы екі ілім көбінесе бір-біріне қарама-қайшы, кереғар сектанттық көзқарас түрінде кеңінен мәлім болды. Олардың қасиетті кітаптары мен аңыздарында өзінің діни-мағынасын жоғалтып, арабиялық болмысқа ие болған, жалпыға машһүр тарихы-эпикалық сюжетке айналған әңгімелер баршылық. Мұхаммед Арабияның пұтқа табынушы тұрғындарына білетінінің бәрін өзінше, жаңаша баяндады, қайта түсіндірді, өзінің ойлары мен түсініктерін уағыздап дәлелдеді.

Яһуди мен христиандардың оның "тазарту" ісін қолдаудан бас тартуы Исламдағы арабиялық сипаттың күшеюіне көмектесті. Мұсылмандарда бірте-бірте діни парыз бен рәсімнің өзіндік жүйесі ғана қалыптасып қойған жоқ, олар өздерінің өзгелерден мүлде ерекшелігін басқа монотеистерден айырмашылығын айқын сезіне бастады.

Арабиадағы сыртқы жаумен күрес бірте-бірте оның саяси бағынышты болуына ұласты, сөйтіп исламды Арабияның экономикалық, саяси, этникалық және мәдени процесін аяқтаудағы ең маңызды факторға айналдырды. Осы күрес дүмпу Мұхаммедті сыртқы әлем — Византия және Иранмен қақтығысқа ұшыратты және олармен болған күрес жаңа діннің сондай-ақ жаңа саяси құрылымының әрі қарай дамуына себепші болды.