Жарапазан

lat: JARAPAZAN

Тұрмыс-салт жырларының діни ұғымға байланысты түрі. Жарапазан қазақ арасына ислам дінімен бірге тараған. Ол ораза айында, "ауыз ашар", кезінде, түн ішінде айтылады. Жарапазанның қалыптасқан тексті, үйреншікті әуені болған. Өлеңге ебі бар кісілер оны өзінше жаңартып, өзгертіп айта берген (қыз балалар Жарапазанды айтпаған). Жарапазанды ауыл аралап, жеке немесе топтанып жүріп, әр үйдің тұсына келіп айтады. Айтушының мақсаты бір нәрсе дәмету болғандықтан, өлеңді үй иесін мақтаудан бастайды. ("Осы үйде бір пенде бар құдай сүйген"). Жарапазан дін парыздарын бұлжытпай орындауға үгіттейді. Үй иесін дінге берік, қолы ашық, сақи адам ретінде дәріптейді. Мал-жанның амандығына, от басының игілігіне арнап бата берумен аяқталады. Жарапазан негізінен дінге байланысты айтылатын уағыз екеніне қарамастан, кейде оған көңіл ашар, қуақы сөздер де араласып отырған. Тіленшек ақындар Жарапазанды дүние табудың құралына айналдырып, ораза кезінде ауыл қыдырып, байларды, бектерді мадақтаған, оларды дін-иманы таза, құдай жолына берілген “қасиетті адамдар” ретінде насихаттаған.