ЖАРЫҚ

lat: JARYQ

зат. 1. Сәуле, нұр .

Аспаннан түнді таныдым,

аспаннан таңды таныдым,

Таныдым түннің, түнегін,

Таныдым күннің жарығын .

Аспаннан саулап тұратын,

түйірі ме әлде бидайдың,

түйірі ме әлде тарының?! (1,234).


Адымдай бер, адымда!

Адымда, Май!

Күреңітпей, бұлттанбай, дауылдамай.

О, Жарық ! Құйыла бер, құйыла бер,

Құйыла бер бір сәт те дамылдамай! (2,235).


2. Шам .

Клуб та керек ауылға,

Жарық та керек әр үйге.

Бейнетқор мына қауымға,

Сауық та керек, әрине (2, 307).

Зияш апыл-ғұпыл шешініп, жарықты сөндірді де, тереңге сүңгіген аппақ сазандай төсегіне енді (4,150). Бағдат төсекке барып етбетінен құлайды. Жарық сөнеді (4,231).


3. сын. Айналаң анық, айқын көрінетіндей ; қараңғы емес .

Мен сені сүйгем Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!

Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.

Ақ сәулең сенің аймалап мені, Жарық Күн,

Тұрған да болар үстінде мынау табыттың (3,164).

Кейде шоғыр бұлтқа бұғып,

Ғайып боп біраз кетесің.

Ұрланған жастар сырын ұғып,

Сәулеңнен сипап өтесің

Қош айтысып мөлдір көкпен,

Кетті қайда жарық ай? (1,37).


4. ауыс. Өмір, тіршілік; жарық дүние .

Сананы сары уайым сарылтқанмен,

Тынысты тұйық тұман тарылтқанмен,

Үзбеймін күдерімді жарықтан мен,

Үзбеймін күдерімді халықтан мен! (1,157).

Тыраштап босқа күн көрме

Тірлікте мына жүргенге!

Тұншығып қалма бір демде,

Тыншығып қалма тіл, кеуде!

Жарыққа мына не жетсін,

He жетсін өмір сүргенге! (3,199).