lat: JASTAN
ет. 1. Бір нәрсені жастықтың орнына басының астына қою .
Тоқым-төсек, ерімді жастанайын,
Тастамайын оқуды, тастамайын!
Ант етейін алдыңда, алаң болма,
Жастайынан қуарған ақ самайым! (1,266).
Сабаннан көрпе жамылып,
Сабаннан жастық жастандық.
Өлмесін дедік жабылып,
Өзің берген Бостандық (3,49).
2. Жерге басын қойып, жастықсыз жатты.
Есіңде ме соғыстың басталғаны,
Көзімізден мөлтілдеп жас тамғаны?
Жастығымыз қап қойды орта жолда,
Жастанды да даланы, тасты арнаны (2,335).
Көлденеңнен соқпақты тыр жалаңаш жастанған,
Әрбір өткен күнәкар кеудесінен басқанда,
Өліктерді тартатын таразы боп тасталған (5,110).
3. Ұнатқан, жақсы көрген нәрсесін жастығының астына қойып ұйықтау.
Ақ дәптерді жастанған,
Қаламымнан жас тамған.
Біткен іс жоқ әзірге,
Бәрі жаңа басталған.
Басталған да тасталған,
Ойым менің тас-талқан (3,154).
Білемін, ақын жортқан бұл өлкені,
Мәңгілік мекендеген жыр-ертегі.
Қарттары өлеңменен намаз оқып,
Жастары жыр жастанып күнелтеді.
Жырлап бір өте алмасам жыр еркені,
Ақындар әжуалап жүрер тегі (2,347).