lat: JYN
Мифологиялық кейіпкер, Алла тағала жаратқан үш саналы тіршілік иесінің бірі. Құран бойынша жын түтінсіз оттан жаралған, денесі ауа немесе от, кез келген бейнеге ауысуға, не бір ғаламаттар жасауға бейім Жер бетінде Адам ата жаралғанға дейін пайда болған, әдетте, адамға қас. Аңыз бойынша олар ер және әйел жынысты болып келеді, шөлейтті жерлерді, тауды, орманды мекендейді; бірнеше түрге бөлінеді, олардың ішінде гул, ифпит, сипат чегендері бар. Аңыздар кейде шайтанды да жынға жатқызады.
Құранда Алла тағала Мұхаммедті әрі адамдарға, әрі жынға жібергені жөнінде айтылған. Жынның бір бөлігі пайғамбардың Құранды оқығанын естіп, оған иланып, исламды тарата бастайды. Енді біреулері ібіліске ілесіп және оның шайтандарымен бірге әскерін құрып, өздерінің зұлымдық істерін жалғастыра береді. Барлық дінге сенбеушілер сияқты, олар жаһаннамда тозаққа түседі делінген. Жынға пұтқа табынушылар да табынатын болған. Алланын бұйрығымен жынның көпшілігі Сүлейменге қызмет етіп, оған ғибадатханалар мен сарайлар салып береді. Жын ауру шақырып, қиыншылық әкеледі, сөйтіп адамға зиян келтіреді, сонымен бірге оған көмектесе де алады.
Мұсылман дінгерлері жынның өмір сүретінін мойындай отырып олар туралы көп әңгіме қозғамауға тырысты. Мұсылмандық көркем ғибраттық әдебиеттер жын туралы сүйіспеншілік хикаяларға, олар тыққан қазыналар туралы әңгімелерге бай. Жын олардың небір кереметтерді жасай алатын қабілеттеріне байланысты халық әдебиеті мен орта ғасырлық мұсылман фольклорының, сонын ішінде "Мың бір түннің" белгілі кейіпкеріне айналды.
Мұсылман сиқыршылық өнерірінің басты ерекшеліктерінің бірі өзіне жынды бағындыру және олардың ғажайыптар тудыра алатын қабілетін пайдалану болды. Қазірге дейін жынды бағындыруға байланысты кітаптар кеңінен қолдануда. Жын исламға дейінгі сенім-нанымдарының исламға толықтай енген бөлігі. 6-7 ғасырдағы Ішкі Арабия тұрғындары үшін оларды қоршаған елсіз құм-шөлдер. тау-тас пен ну орман жынның да тұрағы еді, олар негізінен адамдарға қас деп есептелді, әйтсе де оларға бас иіп және құрбандық шала отырып, олардың көңілін аулауға әрі көмек көрсетуге талпынды. Жын балгерлер мен арқалы ақындарға ғайыптан шабыт шақыруға көмектесті. Құран жынды әлемнің мұсылмандық болмысына енгізіп, 7 ғасырда арабтар үшін дәйекті болып саналған жайларға исламдық түсінік берді. Одан әрі жынның мұсылмандық кейпі өз бойына исламды қабылдаған халықтардың фольклорлық және діни мұрасының көптеген белгілерін қабылдады.