КӨҢІЛ

lat: KÓŃİL /226/

зат. 1 . Адамның жан дүниесі, ішкі сезімі, көңіл-күйі .

Жасыма, көңіл !

Жас талап,

Жұмбағың сенің шешілер.

Жүзіңді бақыт аймалап,

Жүректің дертін өшірер (1,67).

Шоқтанып жанған көгімде,

Шолпаным бар ғой менің де.

Жолдассыз, доссыз тегінде,

Өткерген өмір өмір ме?!

Өкініш көп қой көңілде (3,16).

2 . Пейіл, ниет, ықылас.

Көңіл қымбат алтыннан,

Білмес оны қандай жан.

Мен бақытсыз бала құс,

Қанаты отқа шарпылған! (1,39).

Жібі түзу жан едің құрметтеген,

Сен де ілесіп барасың дүрмекпенен.

Саған деген көңілімде адалдық бар,

Дүрмекпенен кетсем де кірлетпегем.

Саған соны, жарқыным, біл деп келем (3,202).

3. Арман, қиял, ой, сана .

Тұрсын солай, болсын солай бәрі де,

Білем, менің қосылмайсың әніме.

Сенің көңлің қайда екені белгісіз,

Менің көңілім сенікінен әріде (2,79).

Арпалысып жүргенде өмірменен

Қай-қайдағы әкетпес көңіл деген.

Өлсем, өлем өзімнің жерімде мен,

Қалсам қалам өзімнің елімде мен!

Жыламаймын, сондықтан көңілденем (3,106).