КӨКІРЕК

lat: KÓKİREK

зат. 1 . Адам денесінің қарын мен алқымның арасындағы бөлігі, кеуде .

Қарғам-ау, қайдасың сен, жүрсің бе есен?

Хабар бер қасиетімді білсін десең.

Зілбатпан көкірегім көтертпейді,

Демітіп әлсін-әлі күрсінбесем (1,159).

Кемпір қояр болмағаннан кейін, ыза кернеп, көкірегінен сәл итеріп жібердім (4,122).

2 . ауыс. Әйел адамның омырауы; емшек .

Жалын мен су барып-барып басылсын,

Мөлдір моншақ жағаға кеп шашылсын.

Хордың қызы судан алып кеудесін,

Қос қолымен көкірегін жасырсын,

Қос бұрымы қос иыққа асылсын (1,237).

3 .ауыс. Көңіл, көкей, ой, сана .

Сенсің күн: тек мен үшін нұрын шашқан,

Сенсің сусын: көкірек шөлін басқан.

Сенсің бақыт, менімен душарласқан,

Сенсің жар: жүрегімнің сырын ашқан (1,15).

Шынайы шын ақын өз халқының, шаттанса, шаттығы мен қуанышы; жыласа, көкірек шері мен көзінің жасы (4,275).