КӨП

lat: KÓP /244/

мод. 1 . Қыруар, мол .

Бүгін де, кеше де, өткенде Іздесең, қателік көп менде.

Қауғадай басыма барлығы Сірә да соқпай бір өткен бе (1,92).

Әйелдерді еркектерден көп дейді.

Ойбай! Ойбай!

Бола берсін көп мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

Әдемілік бізге көптік етпейді (2,119).

2 . Басым бөлігі, көпшілігі, бірсыпырасы .

Бөпем, бөпем, бөпем-ау,

Қай жерде жатыр көкең-ау?!

Көбісі біздің ырымның

Түкке алғысыз екен-ау! (2,146).

Ауырлықтың көтердің-ау көбін сен,

Сенен келіп қуат алдым жеңілсем.

Сен жер болдың, нөсер болып төгілсем,

Шұғыласың, қара бұлт боп көрінсем (3,87).

3 . Көпшілік, қауым, жұртшылық, халық .

Анаң да кең пейілін төкпеген-ді,

Себебі сол қысталаң көпке келді.

Жұрт өзі ырза-хош боп тарайтұғын,

Өздері жеткізе сап жетпегенді (2,32).

Айтса айтсын айыбымды бетке қарып,

Қайтемін қаламымды кекке малып.

Арам шөптің орнына гүлді қырқып,

Әйтеуір, жүргенім жоқ кетпен алып.

Басымнан кемшіліктер кеткені анық,

Несіне өкпелеймін көпке налып (3,151).

4 . Ұзақ, едәуір .

Тау суреті жанарымда,

Тамашалап көп тұрдым.

Және де бір қарадың да,

Сен әріге бет бұрдың (3,52).

Мен жолымды берейін, өт, қарағым,

Несін күттің, несіне көп қарадың?

Анасының бергенін саған берген,

Аруағынан айналдым текті Ананың! (3,265).