lat: KEÝDE /168/
зат. 1. Дененің қарыннан алқымға дейінгі бөлігі, көкірек.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге,
Фаризажан, сен соны білесің бе? (3,72).
Мен саған арамтамақ, масыл емен,
Жаңбыр болып гүліңнің шашын өрем.
Аспаныңды арқама құлатсаң да,
Кеудемменен жеріңді басып өлем (2,14).
2. Кеуденің жүрек, өкпе жатқан ішкі бөлігі.
Аспанындай кей сәтте күрсінемін,
Жас талыңдай жауқазын бүршік едім.
Кең дүние, керемет қалпыңменен,
Жүрек болып кеудеме кірші менің! (1,298).
Кеудеде жан, бойда қан, қуат барда Құйылайық нұр болып шуақтарға.
Тығылайық немесе қорғасын боп Тыңдамаған біздерді құлақтарға (3,230).
3. ауыс. Әйел адамның омырауы, төсі.
Қалтамызда болмай-ақ қара бақыр,
Қараушы едік аяқ пен кеуделерге (1,282).
Қимылдаған сайын мол кеудесі дір-дір етеді (4,177).
4. ауыс. Жүрек, жан дүние.
Жанды-жансыз бар табиғат түнерген,
Әр кеудеде бір шер барын білем мен (1,215).
Базар өмір бары-жоғы бір менде,
Нені аңсайды?! Неге құмар бұл кеуде?!
Әлде мынау дүниенің рақаты – Әр нәрсені білгеннен де білмеу ме?! (1,227).
5. ауыс. Ой, сана, зерде, көкей, көңіл.
Ол жатыр оңаша бөлмеде.
Ордалы ой жатыр кеудеде (1,131).
Айғайтас – тас емес тек айғайлаған,
Ғұлама қарт жұрт үшін қайғы ойлаған.
Халықтың үні жатыр кеудесінде,
Бір кезде «Елім-айлап» ойбайлаған (1,271).
Аттанып бара жатыр аққу-қаздар,
Қош енді, қош болыңдар, гәкку-наздар!
Кеудемде күңіренген дастан қалды,
Киелі қанатымен аққу жазған (2,70).
6. ауыс. Жердің өн бойы, беті.
Қайтып бара жатыр әне сағыныштар – тырналар,
Ақ қайыңдар, тал, теректер... алтын сары сырғалар,
Туған жердің кеудесінде тұнжырайды жылғалар (2,267).
Жер-ана сенің кеудеңде,
Жауыздық әлі көп екен.
Өшпеуге әрі өлмеуге Жаралған жалғыз сен екен (2,300).