lat: KEŃ
сын. 1 . Мөлшерден артық; тар емес .
Бөлмеде Бану, әйелдер босанатын үйден жаңа келген.
Үстінде кең халат (4,203).
Қадалып жарық кең үйге,
Арманым сені бір көрсем.
Сырттағы байғұс не күйде Тұрғанын, әсте, білмеуші ең (3,132).
2 . Аумақты, көлемді, үлкен .
Кең көшенің шетінде,
Жолы, міне, жаяудың.
Сол біреуге жетуге,
Енді ғана таяндым (3,298).
Мемлекеттік қарыз алмай-ақ еңселі, шатырын қаңылтырмен жапқан, төрт бөлмелі ағаш үй салдырып кіріпті. Ауласы кең (4,130).
3 . Дамып жатқан, ұшы-қиыры жоқ; шетсіз, шексіз .
Кең дала, көк өзен, армысың! Армысың,
Алатау, қарлы шың! Осы алып кеудеңде мәңгілік,
Тыныштық сәбидей қалғысын! (2,357).
Жазира, жасыл кілем өрнектеген,
Туған жерге, дариға, жер жетпеген!
Кең өлкем, әлдилей бер, сен деп келем,
Аңсап келем сағынып, шөлдеп келем (2,273).