МАХР

lat: MAHR

(Түрікше мехр: синонимі садақ шын пейілмен берілген сыйлық) тең хұқықты некелесу барысында күйеуінің әйеліне бөлетін мүлкі. Махр төлеу жоғарыдағыдай некелесудің басты шарты. Ол некелік қатынас үшін әйелге төленген ақы ретінде қарастырылады. Махрды тек әйелі ғана иеленеді, ол әйел жесір қалған жағдайда немесе күйеуінің талап етуімен ерінен ажырасқанда әйелдің күнкөрісін қамтамасыз етеді. Меншік хұқығы таралатын және әжетке жарайтын нәрсенің бәрі де махр бола алады. Махр 10 дирхамнан (30 г күміс) кем болмауға тиіс, ал одан артық болса шек қойылмайды. Махр некеге отырушылардың өкілдері арқылы, солардың келіссөз жүргізуі барысында белгіленеді. Махрдың мөлшері мен оны төлеу тәртібі некелесу шартында бөлек көрсетіледі. Бұл жөнінде де махрға қатысты некелік шартында арнайы атап көрсетіледі. Махр әйелдің қамқоршысына немесе ол сенім білдірген адамға, әдетте әкесіне немесе жасы үлкен туысқандарына берілуі мүмкін. Негізінен алғанда махр тікелей әйелдің өзіне берілгені жөн. Сонда ғана ол оның меншікті мүлкінің құрамдас бөлігіне айналады. Егер махр белгіленген мерзімде төленбесе тиісті ақы төленгенге дейін әйелдің некені шартты түрде бұзуға хұқығы бар. Күйеуі қайтыс болған жағдайда оның кезі тірісінде төленбей қалған махр оған тиесілі мүліктен алынып, мұрагерлік үлесіне қоса беріледі. Өз ықтиярымен ажырасқан жағдайда және теріс бата берілуге байланысты неке бұзу барысында, егер махр төленбеген жағдайда әйел оны иелену хұқығынан айрылады. Исламның ықпалы басым елдердің бәрінде де махр төлеудің тәртібі күні бүгінге дейін сақталған.