Қазіргі Орта Азиядағы орта діни білім беретін оқу орны. 1530-36 жылдары Бұхара қаласында Шейх Мир-Арабтың қаражатымен салынған. Оқу мерзімі — 7 жыл. Мир-Араб мешітінің ғимараты аса ірі ғимараттарға жатады. Сырт көрінісі төрт текшелі шаршыға ұқсас. Медресе екі бөлімнен тұрады: бірі дәрісхана және мешіт, екінші жағы шейхтың мәйітханасы (сүйегі жатқан жер). Ғимараттың сырты қақсауыр кірпішпен өрнектелген, түрлі майолика, мозаикалар бар. Медресенің керегелері мен қабырғалары өсімдік өрнектерімен, геометриялық фигуралармен безендірілген. ішкі күмбездері жарық сәулелі алебастрмен сыланғандықтан оған ерекше жеңілдік түр беріп тұрады. Мир-Араб мешітінің ғимараты — орта ғасыр архитектурасының ғажайып көріністерінің бірі.