lat: NAMAZ
Ас-салат (парсыша намаз) — исламның міндетті бес парызының бірі. Алғашқы мұсылмандар құлшылық еткенде Алланың бірлігі мен ұлылығын дауыстап айтатын болған. Құранда намаз уақыты, оның бірқатар қимылдары, намаз ережелері т. б. сөз болғанымен құлшылық ету тәртібі айқын көрсетілмеген. Құлшылық етудің барша тәртібі Мұхаммедтің намаз оқу қалпы мен қимылдарына еліктеуден, алғашқы мұсылмандардың естерінде қалған үлгілерден қалыптасқан деп есептеледі. Ол Мұхаммед аш-Шайбани (805 ж. ө.) элементтерінің басын құрастырып, хатқа түсіргенге дейін 150 жылдан астам уақыт бойы іс жүзінде қалыптасып, бір ізге түскен.
Намаздың негізі рәкғат — белгілі бір қатаң тәртіп бойынша бірінен соң бірі келіп отыратын намаз ережелерін оқу үстінде жасалатын намаз қимылдары болып табылады; намаз оқитын кісі дәрет алғаннан кейін аяқ киімін кимей, жүзін Меккеге (құбылаға) қаратады да, екі қолын жанына жіберіп, дауыстап немесе іштей, өзінің белгілі бір намаз дұғасын оқығысы келетін ниетін білдіреді; содан екі қолын жоғары көтеріп, алақандарын жайып, Алланы мадақтау дұғасын айтады (такпір); сол қолын оң қолымен ұстап кеудесіне басып, Фатиха және Құранның қысқа бір сүресін оқиды, іле қолдарымен тізесіне сүйеніп, белін бүгіп тағзым етеді, Алла атына мадақ айтады; бойын түзеп, қолдарын қайтадан жанына түсіріп, өзіне мадақ айтқан пендесіне, “Алла тағала жар болсын”деген тілек айтады; ол тізерлеп отырып қолын жерге, маңдайын жайнамазға тигізіп тағзым етеді; басын көтеріп “Алла ұлы” деген сөзді айтады; жерге тағзым ету және Алланы мадақтау ережесін тағы бір рет қайталайды, содан соң орнынан түрегеліп, екі қолын айқастырып төмен түсіріп тұрады. Бір рәкғат тәртібі осындай. Егер намаз оқып тұрған кісі рәкғатты қайталағысы келсе, онда намаз дұғасын оқығысы келетін ниетін қайта айтады да, әлгі тәртіппен жаңағы қимылдарды тағы бір рет орындап шығады. Егер намаз оқу аяқталып қалса, онда дұға оқып отырған адам сол өкшелеп отырған қалпы шахад ережесін айтады да, содан соң басын оң иығына қарай бұрып “сіздерге тәңірінің мейірімі мен шапағаты тисін" деген қошамет ережесін айтады. Намаз осымен аяқталады. Намаздың барлық ережелері мен сөздері араб тілінде оқылуы керек, олар діни заң мектебіне қарай әртүрлі болуы да мүмкін.