ОРМАН

lat: ORMAN

зат. 1. Әртүрлі ағаштардың табиғи, өскен шоғыры, қалың тоғай.

Орманнан бір шал қайтты отын алып,

Бүршеңдеп, көтере алмай, өліп-талып (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Орман қарайған, ішінде құстарды көре алмайсың, қоян күндіз жасырынып, түнде ғана жүгіріп жас ағаштарды кеміріп жүр (М.Дулатов, Шығ.).

Сар дала, бейне өлік сұлап жатқан,

Кебіндей ақ селеулер бетін жапқан.

Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ,

Сәуле емес, қан шашып тұр, күні батқан (М.Жұмабаев, Шығ.).

Сағым сайран құрады,

Бораны ұлып тұрады,

Қыс ақ кебін, жаз сары.

Орманы жоқ, шуы жоқ.

Тауы да жоқ, суы жоқ,

Мәңгі, өлік сахарасы,

Сарыарқа деген жерім бар.

Неге екенін білмеймін,

Сол Арқамды сүйемін! (М.Жұмабаев, Шығ.).

2. бот. Жер бетіндегі табиғи қорлардың, оның ішінде өсімдіктер жамылғысының басты бір типі.

Орманда ағаш, мүк, қына т.б. өседі (ҚҰЭ).

Орман қорлары бүкіл биосферадағы тіршілік үшін, оның ішінде адамзат қоғамы үшін аса маңызды (ҚҰЭ).

Орман географиялық ландшафтың элементі болумен қатар биосфераны толықтырушы (Қаз. тілі термин. Су.).