ОРТАЛЫҚ

lat: ORTALYQ

зат. 1. Белгілі бір аралықтың бел ортасы, орта тұсы.

Қазақстанның кең байтақ жерінің дәл орталығында бүкіл жер жүзіне әйгілі Байқоңыр Космодромы тұр (Ә.Шәріпов, Алыс жаға.).

2. Белгілі бір аумақтың, өлкенің орта тұсы, негізгі бөлігі немесе елді мекен.

Өскемен кенді Алтайдың орталығы (Жарық жұлдыз.).

Бұқара Орта Азиядағы аса ірі орталықтардың бірі болатын (А.Көбесов, Сөнбес жұлдыз.).

3. әкімш. Мемлекеттік, одақтық не республикалық дәрежедегі саяси-әкімшілік басқару орындары орналасқан басты қала.

Орталықтан, облыстан келіп жатқан қонақтар көп (М.Дүзенов, Ақ әже).

// совет. Кеңес одағы кезіндегі бүкіл республикалардың үстінен билік жүргізген Мәскеу.

Бәрін жоспарлап, алдын-ала кесіп-пішіп отыратын орталықтың осындай жымысқы есептері салдарынан түпкілікті халықтың басым көпшілігі табысы жоқ, шығыны мол, жетілуге бейім емес, ең болмаса, өзі өндірген ет пен жүнді дұрыстап ұқсата алмайтын қарабайыр агрошаруашылықпен шұғылданып келді (Ә.Кекілбаев, Үш белес).

Оның үстіне Ғамзатов бірде айтып кеткендей, «Орталықта тырнақ алу жөнінде қаулы шықса, бізде шалғай жерде, қолын жұлып алуға даяр едік...» («Жұлдыз»).

4. Белгілі бір саладағы, қызмет түріндегі реттеп басқарып отыратын орын, мекеме, бөлім т.б.Ғылыми орталық.

Қалалық пионерлер сарайы әскери-патриоттық жұмыстың орталығына айналды («Қазақст. мект.»).

5. ауыс. Негіз, тірек, күш.

Сол Төрехан ашқан аурухана бұл күндері денсаулық сақтау орнының орталығына айналды (Дәрігер.).