ОРЫН

lat: ORYN

зат. 1. Бір нәрсені қоятын, орналастыратын кеңістік; отыратын, тұратын, жататын жер.

Деме сен «өліп қалдым, сен менен қаш»,

Айтқаның рас болса, қабіріңді аш!

Жаталық бір орында құшақтасып,

Болсақ та мен киіммен, сен жалаңаш» (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Байтабын кіші сұлтанның қызға қарай беттегенін көріп орнында тұрып қалған (I.Есенберлин, Қаһар).

Мынау тазша бұ маған қылған сөйді,

Құдай мені жігіттер ұрған сөйді.

Бір отырған орнымнан қозғалтпайды,

Түгел менің қабырғам сынған сөйді (Қозы Көрпеш.).

Бір минутқа құйған тосты доғарып,

Көріңдерші естеріңе мені алып.

Ортадан бір орын қойшы, қалмайын,

Теңіздің бұл түкпірінде жоғалып (3.Шүкіров, Арал толқын.).

2. Бір нәрсенің баламасы, соған пара-парлығы.

Күні өткен көнеліктер жойылмайынша, оның орнына жаңа нәрселерді орнатуға болмайды (М.Шоқай, Таңд. шығ.).

Мал орнына жұмсалған,

Қорлық көрген күң бар ед,

Шақырғанда күреске,

Қайратты шыққан үн бар ед (Ү.Кәрібаев, Таңд. шығ.).

Майданға кеткен ерлерінің орнына олардың әйелдері, қарындастары мен қыздары жұмысқа шықты (Жаңарған өлке).

3. ауыс. Бір нәрсені екінші нәрсемен салыстырғанда алатын қатары, реті.

Шолохов совет мәдениетінде ғана емес, дүниелік мәдениетте үлкен орны бар жазушы (Ғ.Мүсірепов, кездесп. кет.).

Ол біздің республикамызда қазақ жылқысының сапасын жақсартушы және колхоздар мен жылқы заводтарында өсірілу үшін қабылданған сапасы жоғары жаңа тұқым ретінде бірінші орын алады (Д.Керімбаев, Қазақст. жылқы.).

СССР-дің Европалық жағында, бүлдіргеннің басқа түрлеріне қарағанда, малина үлкен орын алады (С.Сұбханбердин, Өсімдік дәрі.).

4. Бір нәрсенің реті, қисыны, жөні.

Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?

Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.

Қай қызығы татиды қу өмірдің,

Татуды араз, жақынды жат қыларға (Абай, Тол. жин.).

Жар табылмас сен секілді,

Мен де сендей сорлы зар.

Қол-аяғым берік бекілді,

Енді ненің орны бар? (Абай, Тол. жин.).

5. Белгілі бір мәртебе, қызмет, дәреже, мансап.

Қарағым, отырған орныңды бұлдап, маған ондай атақ байлама (С.Бегалин, Ана.).

«Орнымды басардан» күдері үзілгендей болған Шыңғыстың белгісі Шоқанға шешесі Айғанымның үлгісімен ұстатар талы орыс оқуы (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз).

Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды? Біреу болыс, біреу би. Олардың ақыл үйреніп, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді (Абай, Шығ. жин.).