ОТЫРУ

lat: OTYRÝ

Отыр етістігінің қимыл атауы. 1. Бір жерге, орынға жайғасу, құйрық басу.

Алматы Москва арасына ұшатын самолетке отыру басталады (Ә.Нұршайықов, Батыр.).

2. Осы күйде бір іспен шұғылдану, қызмет атқару.

Жаңа ғана жұмыстан тараса да,

Үйде отыру жастарға жараса ма?

Қоңыр салқын көктемнің кештерінде,

Қайта кіріп кетеді тамашаға (А.Асылбеков, Әлем).

3. ауыс. Белгілі бір қызметте болу, орын тебу.

Бұл қиыншылықтар көбінесе Ғылым академиясының басшылық жұмысында алғашқы кезде немістердің отыруымен байланысты болды (Қ.Сәтбаев, Қазақстан менің отаным).

4. Күрделі етістіктің құрамында қолданылатын сөз.

Кедейдің өзі жүрер малды бағып,

Отыруға отын жоқ үзбей жағып.

Тоңған иін жылытып, тонын илеп,

Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып (Абай, Тол. жин.).

Түріктігімізге мін боларлық бір аса жайсыз жәйт «Яш Түркістанның» әлі күнге дейін Түркия аумағына кіре алмай отыруы дер едік (М.Шоқай, Таңд. шығ.).

Қорек-жем құстардың таралуына, маусымға қарай қоныс ауыстырып отыруына, көбеюіне және өлім-жітіміне, түр аралық қарым-қатынастарына әсерін тигізеді (Р.Ә.Әлімбаев,.. Құстар тіршілігі.).

Әр ұл өз мінезін ұқыптап сақтап, бөгде мінездердің еніп кетпеуін, ене бастағанның сіңісіп кетпеуін қадағалап отыруы керек («Егемен Қазақстан»).