ПІШІН

lat: PİSHİN

зат. 1. Заттың сыртқы түрі, тұлғасы, формасы.

Сыншылар қай түлікті болсын әртүрлі сыртқы пішініне қарай, жақсы-жаман жағын бірден айыра білетін (X.Арғынбаев, Қаз. этногр.).

Жемістің пішіні шар, жұмыртқа, эллипс және цилиндр тәрізді әр түрлі болады (А.Алманиязов, Қазақст. қауын.).

Салмақпен басқан қара топыр шабуылсыз, айғай-дырдусыз келе жатса да, ен даланы қаптап алған көптігімен түйілген қас, тұтасқан ашу, жұмылған қарсылық пішіні сияқтанды (М.Әуезов, Шығ.).

2. Кескін-кейіп, келбет, түр, қалып.

Бәрі қарулы, көбінің қолында сойыл, не шоқпар, кей бірінде бақан-ау деймін, келдек, біреулері тымағының екі құлағын жымырып бауын байлап алыпты; біреулер басын орамалмен тартып қойыпты, кейбір жігіт күресетін кісіше жеңін беліне байлап, оң қолын сыбанып алыпты, бәрінің де пішіні құнтиыңқы, тақымдары қысыңқы, жаңа жөнелген жауды түсіретін кісіше бәрі де қутың-қутың етеді (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Сәлем беріп, сәл ғана ұялыңқыраған пішін көрсетіп, өте бір сыпайы кішіпейілділікпен кешірім сұрады (Қаныш аға).

Көзімді жұма қалсам, қара барқыттай үлкен ойлы көзді, ақ құба пішіні дәл жас кезіндегідей қақ алдыма тұра қалады (І.Есенберлин, Шығ.).

Тілмаш та келісімен, ұлығының пішініндей ызғарлы пішінмен, жаңағы сөзді аударып жатты (М.Әуезов, Шығ.).

3. геогр.Жергілікті жер бедерінің тік кесіндісінің графикалық бейнесі.

Жергілікті жердің пішінін құру топографиялық карталар көмегімен жүзеге асырылады (ҚҰЭ).