ПАЙДАЛЫ

lat: PAIDALY

сын. 1. Пайдасы мол, жақсылығын тигізетін.

Оқудың түзетпейтін адамы жоқ, Қараңғы мінбарларға шам жанады. Ақылды, аз ашулы, көп пікірлі, Пайдалы насихатты аңғарады (Ә.Найманбаев, Шығ.).

Абай қоғамына пайдалы еңбек етерлік адамдар шығарғысы келеді (М.Әуезов, Әр жыл.).

Ханның әмірі жүрмейді бөтен елге,Пайдалы біліміңді халқыңа үйрет (Кердері Әбубәкір, Қазағым.).

Сонда торғай сөйлепті адамдайын: Босатсаң, үйретемін байлық жайын. Азар болса сатарсың үш тиынға, Мен саған бір пайдалы сөз айтайын (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Әкеңнің айтқан бұл сөзін Құтысына көңліңнің, Төгіп алма, дәлдеп құй. Менің айтқан бұл сөзім Өміріңе пайдалы, Басыңда болса егер ми (Дулат Бабатайұлы, Замана сазы).

2. Қажетті, керекті.

В1 витамині денсаулыққа пайдалы(Т.Дарқанбаев, Витамин.).

Мұндайда тамақ алдында тәуір коньяктан бірер жүз грамм тартып алса да теріс болмайды екен. Суық тимеуге, күн өтіп кетпеуге пайдалы деп, үлкендер Әсемге де ауыз тигізеді (Қ.Жұмаділов, Шығ.).

3. Өте тиімді, қажетті, қолайлы.

Дестелеп ору пайдалы көрінеді. Тек бізде тәжірибе жоқ, қорқа соғамыз (3.Шашкин, Өмір).

Дәрежеге қарап, өзіне пайдалы жағын ғана көздейді (Ө.Қанахин, Жер бас.).

Ақыл айтты: не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса білетұғын мен (Абай, Шығ.).

Алғанға бұл кеңесте ғибрат бар, Маймылша іс ететін көп, надандар. Пайдалы затты орнына жұмсай алмай, Сөгетін пайдасыз деп жоқ па адамдар?! (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Енді бұл серіктік ашылуын ашылды. Іс басқаруға сайланған кісілердің ретіне қарағанда, бұл іс өздеріне пайдалы, басқаларға өрнек болуы үміт етіледі. Бұларға енді халық алдында үлкен сын. Жақсылығын да, жамандығын да көлденеңнен көріп тұрамыз. Істері қай жағына бейім болса да кезінде жұртқа білдіреміз. Қазірге «қайырлы сағат» дегеннен басқа айтарымыз аз (М.Дулатов, Шығ.).