lat: PAKET
зат. 1. Сырты ораулы үлкенді-кішілі бума, түйіншек.
Пакеттен 2–3 кітап шыққанына қуанып қалып еді (Т.Нұртазин, Ауыл.).
Ерні дүрдиіп кабинаға жақындады. Көзін жерден көтермейді. Жақанға бір сарғыш пакетті ұстатты. Сосын дудар желкесін бір көрсетіп теріс айналып кетті (Ә.Кекілбаев, Шығ.).
Тамақ өнімдері пакетке салынып, арнаулы машина немесе автоматпен жабылады (Қаз. тілі термин. Тамақ.).
2. Маңызды мәселе бойынша ресми хат салынған аумағы әртүрлі конверт.
Әрине, ұзамай-ақ подполковниктің берген жасырын пакетін ашып қарауға тура келді (X.Есенжанов, Ақ Жайық).
Саврасов Тұрлыбектен Ұлпанның не айтқанын сұрап алды да, орнынан тұрып келіп Ұлпанға сыртында алтындатқан жазуы бар, мөр басылған пакет тапсырды (Ғ.Мүсірепов, Ұлпан).
– Әй, Қасым, осы пакет тегін емес. Осы хаттың ішінде әлде, сені, осындағы өкіметке тапсыратын шығар (Қ.Қайсенов, Сол бір жыл.).
3. Әртүрлі тұрмыстық заттар салатын полиэтилен қап.
4. саяси-қоғ. Белгілі бір қоғамдық, экономикалық маңызы бар шаруашылықты жоспарлаудың, оны жүзеге асыруда қарстырылған мәселелер жиынтығы.
Президент таяудағы екі жолға жоспарлаған әлеуметтік пакетті жан-жақты да кең ауқымды деп тануға болады («Егемен Қазақстан»).