ПАПКА

lat: PAPKA

зат.1. Қалың қатырма қағаздан немесе былғарыдан жасалатын, іс қағаздарын салуға арналған қаптама зат.

Алдында жаюлы көк папкада өндіріс орындарынан түскен мәліметтер (Ғ.Мұстафин, Қарағанды).

Ол артында, терезе алдында жатқан, жиегі ағарып кеткен көнетоз қара папкасын алып, қолтығына қысты (Ә.Нұршайықов, Тың.).

Шұбатылып ұзын шаш қойып, Шылдырлап шолпы тақпады. Шапке киіп, папке алып, Баяндама жаттады (М.Жұмабаев, Шығ.).

Баяғының киімі Жасқа қайдан шақ келсін. «Теңдік» деген ұранға Толтырды қолда папкесін (М.Жұмабаев, Шығ.).

Хванның папкасы ашылып, жаңа қаланың үлкен құрылыстарын сызған чертеж жайылды (Ғ.Сыланов, Шалқар).

2. Мекеме, ұйым кеңселерінің алуан түрлі құжаттары тігілген қалың мұқаба. Келген хаттарды Айкен арнаулы папкаға салып, күнін жазып, тіркеп отырды (3.Ақышев, Біздің шамшырақ.).

1) қағаз сақтауға арналған картоннан, теріден және т.б. жасалған мұқаба; 2) қалың картон; 3) картон мұқаба (Қаз. тілі термин. Геология).